Қазақстандық жүргізушілерге Ресейден сүйінші хабар жетті

515

Аптаның басында Ресейде халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық жүргізушілерге қатысты туындаған мәселе екі елдің келіссөздері нәтижесінде оң шешілді.

Қазақстандық жүргізушілерге Ресейден сүйінші хабар жетті Фото: canva

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Экономикалық интеграция департаменті мәлім еткеніндей, жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде қазақстандық тасымалдаушылар визасыз 90 күннен артық болуға шектеу қоятын Ресей нормасының қолданылу аясынан шығарылды.

Жағдай 6 қазанда Ресейде "Шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы" Федералдық заңына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін туындаған еді. Жаңа түзетулер бойынша визасыз елге кіретін шетелдіктер Ресейде 1 жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды.

Бұл талап халықаралық тасымалмен айналысатын мыңдаған қазақстандық жүргізушілердің жұмысына айтарлықтай кедергі келтірген болатын.

Қазақстанда, керісінше, халықаралық тасымалдаушылар көші-қон шектеулерінен босатылған. Мұндай шешім логистикалық тізбектердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қабылданған.

Ресейлік шектеулердің енгізілуі айыппұлдар мен елден шығарылу қаупін тудырып, жұмыс орындары мен тауар жеткізу процестеріне әсер етуі мүмкін еді. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі мен "Атамекен" ҰКП жедел әрекет етіп, ресейлік тараппен келіссөздер жүргізді.

Келіссөздердің нәтижесінде қазақстандық жүргізушілерге қатысты шектеулер алынатын болып шешілді. Бұл – депортация мен айыппұл қаупінің жойылғанын білдіреді.

Дегенмен, оң шешім қабылданғанға дейін кейбір жүргізушілерге айыппұл салынып, депортация қаулысы шығарылған жағдайлар тіркелген. "Атамекен" дерегінше, 9 қазанға дейін Ресейдің бірнеше өңірінде 31 жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Алдын ала талдау Ресейдің енгізген нормалары екіжақты келісімдер мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың кейбір баптарына қайшы келгенін көрсетті.

Кәсіпкерлер палатасы атап өткендей, бұл мәселе Үкімет, Мәжіліс және дипломатиялық қызметтің үйлесімді жұмысының нәтижесінде реттелді.

Ресей тарапынан ресми құжат түріндегі растау әлі күтілуде. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жағдайды бақылауда ұстап, уағдаластықтардың толық орындалуын қадағалап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу