Қазақстандықтар ақылы қызметтерге қанша қаражат жұмсайды?

791

Ақылы қызметтер бір жылда 4,9%-ға қымбаттаған. 

Қазақстандықтар ақылы қызметтерге қанша қаражат жұмсайды?

2021 жылғы екінші тоқсанда қазақстандық отбасылардың ақылы қызметтерге шығыны орта есеппен 110,9 мың теңге болды (бір үйге), өткен тоқсанмен салыстырғанда минус 3,4%, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл барлық шығынның 16,4%, өткен тоқсандағы көрсеткіш 17,8%. 

Үйлердегі шығынның ең көп көлемі көлік және байланыс сегментіне тиесілі – екінші тоқсанда 37,3 мың теңге, бірінші тоқсанда плюс 3,8%, бұл ақылы қызметтерге жұмсалатын шығынның ең көп бөлігі. 

Коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге қазақстандықтар орта есеппен 34,5 мың теңге жұмсаған, өткен тоқсанмен салыстырғанда 19,8%-ға аз. Осы сегментте шығын айтарлықтай қысқарған.

Сондай-ақ 16,6 мың теңге білім беру мен денсаулық сақтауға жұмсалды, өткен тоқсанмен салыстырғанда минус 3,6%.

Киім тігу, аяқ киімді жөндеу және тазалау, жиһазды, тұрмыстық аспаптар мен жабдықтарды жөндеу және қалпына келтіру қызметіне 1,7 мың теңге жұмсалған, бір тоқсанда минус 9,1%. 

Алайда мейрамханалар мен дәмханаларға, қонақ үй және бос уақытты тиімді ұйымдастыру қызметтеріне шығын бір тоқсанда 40,4%-ға немесе 7,1 мың теңгеге өсті.

2020 жылы жалпы ақылы қызметтер шығыны бір үй үшін орта есеппен 379,9 мың теңге болды, "дағдарысқа дейінгі" 2019 жылмен салыстырғанда 16,5%-ға аз.

Барлық қызмет түрі бойынша шығынның қысқаруы байқалған. Тек байланыс қызметтеріне шығынның үлесі артқан – 76,6 мың теңге, плюс 5,7%. 

Коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге шығын 0,5%-ға, ал көлік қызметтеріне шығын бірден 25,3%-ға азайған. Оған коронавирус пандемиясы мен карантин шектеулері әсер еткен.

Сектордағы бағаның өсуіне тоқталсақ. Ақылы қызметтер инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді. Мысалы, елдегі тұтыну нарығында бірінші тоқсамен салыстырғанда екінші тоқсанда баға 2,3%-ға өскен, ал өткен жылғы екінші тоқсанға қарағанда баға 7,4%-ға көтерілген.

Сонымен қатар ақылы қызметтер бағасы бір тоқсанда 1,4%-ға, ал бір жылда 4,9%-ға өскен.

Азық-түлік тауарлары бір тоқсанда 3,1%-ға және бір жылда 9,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар бір тоқсанда 2,3%-ға, бір жылда 6,6%-ға қымбаттаған. 

Сондай-ақ санаторийлер қызметінің бағасы айтарлық көтерілген – бір тоқсанда 4,5%-ға, бір жылда 8,5%-ға. Тұрғын үйді ұстау құны да шамалы өскен (бір тоқсанда 0,4% және бір жылда 1,3%).

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу