Қазақстандықтар балаларының білім алуы үшін бірнеше сақтандыру компаниясында қаражат жинай алады

645

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз балаларын оқытуға қаражат жинақтай алатын сақтандыру компанияларының тізімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz агенттіктің ресми сайтына сілтеме жасап.  

 Қазақстандықтар балаларының білім алуы үшін бірнеше сақтандыру компаниясында қаражат жинай алады Фото: egemen.kz

"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі - бұл кез келген азамат үшін өз баласына Қазақстанда немесе шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім ақысын төлеуге жеткілікті қаражат жинақтау мүмкіндігі. Бүгінгі таңда МБЖЖ бағдарламасына екінші деңгейдегі 4 банк қатысады, жалпы сомасы 33,5 млрд теңгеге 22 мың білім беру депозиті ашылды. Енді сақтандыру ұйымдары банктермен қатар халыққа осы инвестициялық өнімді ұсына алады" - делінген ақпаратта.

Аталған жүйе шеңберінде білім беру жинақтау сақтандыруы шартын жасасу арқылы ата-аналар сақтандыру ұйымы есептейтін инвестициялық кіріске қосымша жылдық 5%-дан 7%-ға дейінгі мөлшерде мемлекет сыйлықақысын ала отырып, өз балаларын оқытуға қаражат жинақтай алады.

Бүгінгі күні агенттік "мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру" ерікті нысанында сақтандырудың қосымша сыныбын енгізе отырып, "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына мынадай сақтандыру ұйымдарына лицензиялар берді:

  • "Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша "Халық-Life" еншілес компаниясы" АҚ;
  • "Freedom Finance Life" өмірді сақтандыру компаниясы" АҚ;
  • "Евразия" өмірді сақтандыру компаниясы" АҚ.

"Өмірді сақтандыру компанияларының МБЖЖ-ға қатысуы ата-аналардың көпшілігіне балаларын оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекет субсидиясы бар алғашқы сақтандыру өнімі" - делінген ақпаратта.

Ақпаратқа сәйкес, сақтандыру өнімінің басқа да артықшылықтары бар.

"Біріншіден, кірістілік мөлшерлемесіне депозитке қарағанда (8%-дан 10%-ға дейін) сақтандыру шартының бүкіл қолданылу мерзімінде кепілдік беріледі. Екіншіден, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі  толық жинақталған соманы өтейді, ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігі 20 млн теңгеге дейінгі соманы ғана өтейді. Үшіншіден, ата-анасы еңбек ету қабілеттілігінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан оқудың толық құны төленеді" - деп жазылған ҚНРДА сайтында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу