Аталған шара барысында қазақстандықтар 195 тоннадан астам сиыр етін сатып алған, деп жазады inbusiness.kz сайты Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкелерге 400-ден астам отандық өндіруші қатысып, өнімдерін тікелей ұсынды. Сиыр етіне сұраныс ерекше жоғары болды: Қостанай облысында рекордтық 83 тонна, Астанада 61 тонна, Абай облысында 19 тонна ет сатылды. Баға өңірлерге қарай 2400-ден 3700 теңгеге дейін өзгерді.
Қызылорда облысында қолжетімділік бойынша ең төменгі баға – 2400-2500 теңге аралығында болды.
Жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылды. Мәселен, Қарағандыда басталған "Ауыл береке – 2025" жәрмеңкесінде 120 тоннадан астам тауар сатылымға шығарылып, оның ішінде 52 тонна ет, 25 тонна картоп, сүт, балық және жұмыртқа болды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 1300-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр. Бұл халыққа қыстық азықты тиімді бағамен алдын ала алуға мүмкіндік бермек.