Қазақстандықтар цифрлық теңге арқылы 16 мың транзакция жасаған

Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі хабарлады. 

Қазақстандықтар цифрлық теңге арқылы 16 мың транзакция жасаған Фото: freepik

Платформа іске қосылғаннан бері қазақстандықтар цифрлық теңге арқылы 16 мыңға жуық транзакция жасаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жалпы, цифрлық теңге пилоттық жобасы 2023 жылдың 15 қарашасында төрт банктің қатысуымен іске қосылған болатын.

"Жобадағы бірінші айдың қорытындысы бойынша, клиенттердің шоттарына 7,6 млн теңге сомасында цифрлық теңге аударылды. Пилоттық жобаның іске қосылуы жеке және заңды тұлғаларға цифрлық шоттарды ашу және жүргізу, цифрлық шоттар арасындағы төлемдер мен аударымдар, сондай-ақ, қолма-қол ақшасыз ақшаны цифрлық теңгеге аудару және айырбастау (конверсиялау) және керісінше болды", - деп түсіндірді Ұлттық Банк өкілдері.

Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйелерінің қатысуымен Цифрлық теңге негізінде "Цифрлық банк картасы" енгізілді. Бұл POS-терминалдарда тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуге, QR-төлемді пайдалануға, электрондық төлемдерді (E-commerce) жүзеге асыруға, сондай-ақ, банкоматтардан қаражат алуға және цифрлық теңге аударымдарын жасауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігі, "Қазпошта" АҚ және Алматы қаласының көлік картасы операторы — "Оңай Pay" ЖШС операторының қатысуымен мектептерде 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында "цифрлық ваучерлер" іске қосылды. Белсендірілген "цифрлық ваучерлер" арқылы 13,6 мыңнан астам транзакция жасалған болатын.

"2024 жылы қатысушылар санын кеңейте отырып, смарт-келісімшарттарын қолдана отырып, цифрлық теңге сервистерін масштабтау, мемлекеттік органдардың қатысуымен цифрлық теңге сервистерін одан әрі дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Сондай-ақ, пилоттық режимде Интернетке кірусіз (офлайн — төлемдер) транзакциялар жүргізу бойынша арнайы жүйе іске қосылады", - деп толықтырды реттеушінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан цифрлық теңгені толық көлемде енгізу бойынша жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу