Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталығына қайта бармай-ақ дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметіне сұраныс артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында бұл қызмет бойынша 426 жеткізу рәсімделген.
Қызмет азаматтарға дайын құжаттарын көрсетілген мекенжай бойынша алуға мүмкіндік береді. Ол үшін өтініш беру кезінде жеткізу қызметін бірден рәсімдеп, мекенжайды көрсету және қызмет ақысын төлеу қажет.
Құжат дайын болғаннан кейін курьер қызмет алушымен байланысып, оны сол күні жеткізеді. Құжатты тапсыру кезінде жеке куәлік пен арнайы растау коды тексеріледі.
Бүгінде курьерлік жеткізу 15 мемлекеттік қызметті қамтиды. Олардың қатарында туу, неке қию, ажырасу және қайтыс болу туралы қайталама куәліктер, архивтік анықтамалар, білім туралы құжаттардың телнұсқалары, сондай-ақ апостиль қою және азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру қызметтері бар.
Қызмет құны өңірге байланысты белгіленген. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жеткізу бағасы 2061 теңгені құраса, басқа өңірлерде 1036 теңге тұрады.
Сонымен қатар азаматтар құжаттың жеткізілу барысын "ЦОН" мобильді қосымшасы арқылы бақылап, оның қай кезеңде тұрғанын онлайн қадағалай алады.
Айта кетейік, бұл қызмет 2024 жылы іске қосылған. Оның негізгі мақсаты – құжаттарды алу процесін жеңілдету, азаматтардың уақытын үнемдеу және ХҚКО-ға қайта бару қажеттілігін азайту.