Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсті. Бұл туралы халықтың тұрмыс деңгейі бойынша жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бірінші тоқсанда бір тұрғынға орта есеппен 20,7 келі ет және ет өнімдері тиесілі болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,6 келі еді.
Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 келіден 18,7 келіге өскен. Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну да 3,5 келіден 3,6 келіге дейін артты.
Сонымен қатар кейбір азық-түлік өнімдерін тұтыну төмендеген. Жарма және дәнді дақылдар 31 келіден 30,6 келіге, жеміс, жидек пен жаңғақ 17,5 келіден 17,4 келіге азайған. Қант, тосап және бал тұтыну 10,8 келіден 10,3 келіге дейін төмендеді. Майлар мен тоңмайларды тұтыну көлемі өзгеріссіз қалды.
Бірінші тоқсанда бір қазақстандық орта есеппен 11,4 келі картоп, 6 келі бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, 6 келі сиыр еті, 4,8 келі алма, 4,6 келі құмшекер, 4,2 келі күріш, 3,1 литр айран, 2,6 келі макарон өнімдері, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 келі жаңа немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 келі қара шай тұтынған.
Көкөніс тұтыну көлемі бір жылда 2,2% өсіп, 18,3 келіден 18,7 келіге жетті. Қала тұрғындары көкөністі ауыл тұрғындарына қарағанда көбірек тұтынған. Қалаларда бұл көрсеткіш 19,3 келі болса, ауылдық жерлерде 17,6 келі болды.
Көкөністі ең көп тұтыну Алматы қаласында тіркелді – 23,2 келі. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 22,8 келі, Түркістан облысында 21,4 келі болды. Ең төмен көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында – 16,5 келі, Абай және Алматы облыстарында – 16 келіден тіркелді.
Ет және ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалды. Ең төмен көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген.
Зерттеу 12 мың үй шаруашылығын қамтыған.