Қазақстандықтар онлайн дүкендер арқылы 2,2 трлн теңгеге сауда жасаған

309

2030 жылға дейін елдегі электронды сауданың үлесін 20 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстандықтар онлайн дүкендер арқылы 2,2 трлн теңгеге сауда жасаған Фото: Inbusiness.kz

Былтыр қазақстандықтар интернет арқылы 2,2 триллион теңгеге сауда жасаған. Уайлдберрис, алиэкспресс, кейінгі кезде танымалдыққа ие болған пиндуодуо, таобао сынды онлайн дүкендерден отандастарымыз көбіне үй тауарлары, киім-кешек және косметикаға тапсырыс беруге құмар, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Сауда министрлігі осы қарқынмен 2030 жылға дейін елдегі электронды сауданың үлесін 20 пайызға дейін өсірмекші. Дегенмен, бұл бизнесте жүргендер транспорт, логистика жағынан көп қиындыққа тап болып отырғандарын айтады. Офлайн бизнеске мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанда, онлайн кәсіп иелерін қорғайтын заң да жоқ.

Айдана Қалиеваның қытайлық интернет дүкендермен жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан асқан. Астаналықтар көрші елден алдыртқан тауарларды қабылдап, иесіне тапсырумен айналысады. Бизнес тілімен айтқанда карго. Сөзінше, бұл кәсіп айналысам деген адамға аса қиын емес, табысқа кеңелу де оңай. Бірақ ары қарай дамып, шағын бизнес қатарына қосылу ұзаққа созылатын процесс.

"Басында біз үйден бастадық. Осылай 4 ай жұмыс істедік, одан кейін бос қойма алып, көріп тұрған полкаларыңыз, жарықты күйеуім қолдан жасаған болатын. Ақша үнемдеу арқылы осылай жұмысты жүргіздік. Әйтпесе, арнайы маманды жалдайтын болсақ, үлкен қаражатты талап етеді. Ақша болса, бұдан да үлкенірек қойма алатын едік, бұдан да көбірек клиенттерді қамти алатын едік", - дейді кәсіпкер Айдана Калиева.

Айдана секілді онлайн саудада жүргендердің үлесі жылдан жылға артып келеді. Сауда министрлігі осы қарқыннан таймай, 2030 жылға дейін елдегі электронды сауданың үлесін 20 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін бонд қоймаларын ашуды қолға алыпты. Министр Арман Шаққалиев бұл шетелдік тауарларды тасымалдау уақытын 60-тан 7 күнге дейін қысқартатына сенімді.

"Электрондық сауданы дамыту шарттарының бірі қоймалық және логистикалық инфрақұрылымның болуы. 2024 жылдың соңына дейін трансшекаралық электрондық садуаны ынталандыру үшін Қытай тарапымен бірлесіп, Қазақстанда өңірлік қойма инфрақұрыылмын құру жоспарлануда. Бонд қоймаларын ашу Қытайдан Еуропаға және кері бағытта тауарларды одан әрі транзиттеу үшін, ірі маркетплейстердің тауарларын орналастыруға мүмкіндік береді", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Ал осы қазанның ішінде қайнап жатқандар тауар жеткізу мерзімін қысқарту сынды мәселелерді шешу үшін онлайн бизнестің құқығын заң аясында қорғау керек, деп есептейді. Себебі, олар өзгелер сияқты салық төлейді, шағын бизнестің дамуына үлесін қосады. Бірақ шындығына келгенде офлайн және онлайн бизнестің мемлекет алдындағы дәрежесі тең емес.

"Бізде электронды коммерция жайлы заңның жоқтығынан бастайын. Көлік, логистикаға көп шығындаламыз. Қазақстан бойынша әсіресе Батыс Қазақстанға тауар тасымалдау қиын. Бірақ бизнес өкілі ретінде жеңілдетілген несие алуға да мүмкіндік жоқ. Осы жағынан онлайн және офлайн сауда тең емес. Яғни, офлайн дүкендерге қандай да бір қаржыландыру көзі болса, онлайнда ол жоқ. Меніңше, электронды сауданы дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді ойластыру қажет", - дейді бизнес өкілі Алуа Көрпебаева.

Осы мәселені қолға алсақ, елдегі кәсіпкерлердің саны кем дегенде 100 мыңға артар еді, дейді сала маманы. Одан бөлек, азаматтардың шетелден тапсырыс берген тауарын апталап күтуіне тура келмейді. Өңірлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық өнімдерді де сыртқа молынан тасымалдауға мүмкіндік тумақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу