Статистикаға сай, тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,9%-ға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– 2026 жылғы наурыз айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 28 493 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 5 951 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 22 542 мәміле жасалды. 2026 жылғы ақпанмен салыстырғанда (27 421) мәмілелер саны 3,9% өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 428 – 22,6%) және Астана (4 924 – 17,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 258 – 7,9%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 208 мәміле (0,7%) тіркелген, – делінген ақпаратта.
Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болған. 2026 жылдың наурыз айында олар бойынша 8 510 мәміле ресімделіп отыр. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 3,4% (211 мәмілеге) азайған.
– 2026 жылдың ақпанмен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 6,0% (1283 мәмілеге) өсті. Наурыз айында пәтерлер бойынша барлығы 22 542 мәміле жасалды, бұл – мәмілелердің жалпы санының 79,1%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (26,3%), Астана (21,4%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі, – деп жазады Ұлттық статистика бюросының ресми сайты.