Қазақстандықтар тыйым салынған контентті бөліскені үшін де жауапқа тартылуы мүмкін

93

Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.    

Қазақстандықтар тыйым салынған контентті бөліскені үшін де жауапқа тартылуы мүмкін Фото: ulysmedia.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық кеңістікте заңға қайшы контенттің бар-жоғын тексеру ережелерін әзірледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құқық бұзушыларға контентті бұғаттау, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Құжатқа сәйкес, ҚМА өз құзыреті шеңберінде ақпараттық кеңістікті тексеріп, заңға қайшы контентті анықтайды. Тексеру барысында ашық дереккөздерде жарияланған ақпарат талданады.

Атап айтқанда:

  • интернет-ресурстар;
  • әлеуметтік желілер;
  • мессенджерлер;
  • бұқаралық ақпарат құралдары;
  • өзге де ақпараттық-коммуникациялық платформалар.

Сонымен қатар агенттік мониторинг жеке деректер және оларды қорғау туралы заң талаптарын сақтай отырып жүргізілетінін мәлімдеді.

Заңға қайшы контент анықталса, ҚМА мынадай шаралар қабылдайды:

  1. егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса – іс қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қаралады;
  2. егер қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса – материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жолданады;
  3. егер телекоммуникация желілерінде Қазақстан заңдарымен немесе күшіне енген сот шешімдерімен тыйым салынған не шектелген материалдар анықталса, оларды бұғаттау үшін масс-медиа саласындағы уәкілетті органға ақпараттық жүйе арқылы хабарлама жіберіледі.

Мұндай хабарлама жолданғанда Қаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық жүйеде барлық деректерді толық көрсетуге міндетті.

"Ашық НҚА" порталында жарияланған бұйрық жобасында бұл ережелер өткен жылы Парламент қабылдаған құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң аясында әзірленгені жазылған.

Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға сәйкес, заңға қайшы контентке мынадай үгіт-насихат немесе шақырулар жатады:

– конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға шақыру;

– мемлекеттің қауіпсіздігін әлсірету;

– соғысқа шақыру;

– әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық артықшылықты насихаттау;

– қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, суицидті, порнографияны, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау;

– сепаратизм, алаяқтық идеяларын тарату, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға ықпал ететін ақпарат.

Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін мәлімдемелер, мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды ашатын ақпарат және заңдармен тыйым салынған басқа да мәліметтер заңға қайшы контентке жатады.

Заң жобасы Парламентке түскеннен кейін әлеуметтік желілерде тыйым салынған контентті жариялағаны үшін ғана емес, оны репост жасағаны үшін де жауапкершілік қарастырылуы мүмкін деген пікірлер тарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу