Қазақстандықтардың 25%-ы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан

786

Халықтың мейрамханалар мен сауда орталықтарына бару көрсеткіші 14-17%-ға төмендеген. 

Қазақстандықтардың 25%-ы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ сарапшылары Google деректеріне сүйене отырып, 2020 жылдың 28 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында қазақстандықтардың жұмыс орнына баруын зерттеген. Талдау нәтижесінде 2020 жылдың басындағы көрсеткішке қарағанда отандастарымыздың 74-75%-ы кеңселеріне баратыны анықталған.

"Талдау карантиндік шектеулерді енгізу және алып тастау мерзіміне жүргізілген. Мәселен, халықтың жұмыс орындарына баруы 16 наурызда 14%-ға төмен болды, ал наурыздың аяғы-сәуірдің басында жұмыс орындарына келу әдеттегі көрсеткіштен 46%-дан 55%-ға дейін ауытқыды", – деді ЕРДО болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков,.

Осылайша қазақстандықтар қаңтардағы жұмысқа бару көрсеткішіне маусым айында ғана аздап жақындаған екен (78-80%). Кейін шілденің ортасындағы статистика қайтадан төмендеп,  60-63%-ды құрады. Қатаң шектеулер алынған соң, көрсеткіш 74-75%-ға дейін өскен.

"Біз қазақстандықтардың 25-26%-ы жұмыссыз қалды демейміз. Керісінше, олардың басым бөлігі қашықтықтан жұмыс істеуге ауысты деп санаймыз", – деді сарапшы.

Google мәліметтері COVID-19-бен күресудің жаңа шектеулеріне және басқа шараларға байланысты адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістерді көрсетеді. Іздеу жүйесі халықтың үйлерінен қаншалықты жиі немесе сирек шығатындығы және сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, саябақтар, вокзалдар және тағы басқа жерлерге баратынын талдай алады.

Мәселен, биылғы жылдың 3 қаңтарынан 6 ақпанына дейінгі және 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығындағы бақылау кезеңдерін салыстырар болсақ, адамдардың мейрамханалар, дәмханалар мен сауда орталықтарына баруы 14-17%-ға, ал саябақтарға баруы 5-7%-ға төмендегені байқалады. Ал азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға бару, сондай-ақ халықтың тұрғын аудандардағы қозғалысы өзгермеген. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу