Қазақстанда ағылшын тілін меңгеру деңгейі бір жылда 8 сатыға көтерілгенімен, ең төмен көрсеткіш тіркелген мемлекеттер қатарында қалып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған ауқымды зерттеу 2025 жылы тегін EF SET тестін тапсырған әлемнің 117 елі мен аймағындағы 2,3 миллион ересек азаматтың деректеріне сүйене отырып әзірленген.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың ағылшын тілін білу деңгейі әлі де төмен. EF English Proficiency Index 2026 рейтингінде Қазақстан 117 елдің ішінде 99-орынға жайғасты.
Қазақстанның өңірлеріндегі көрсеткіштер
Жалпыұлттық рейтингтегі көрсеткіш төмен болғанымен, ел ішіндегі ірі мегаполистер мен жекелеген өңірлерде ағылшын тілін білу деңгейі республикалық орташа межеден әлдеқайда жоғары:
- Жалпыұлттық деңгей: Қазақстан биыл 117 елдің ішінде 99-орын алып, 424 балл жинады;
- Астанадағы ахуал: Бас қалада 464 балл жинап, елдегі орташа көрсеткіштен 40 балға жоғары нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіш "өте төмен" санаттан шығып, "төмен" деңгейге жақындайтын аздап жақсырақ жағдайды аңғартады;
- Алматы көшбасшы: Есеп деректері бойынша Алматы қаласы 467 балмен Қазақстандағы ағылшын тілін ең жақсы меңгерген қала ретінде тіркелді;
- Өңірлік бөлініс: Аймақтар арасында Шығыс Қазақстан облысы (455 балл) жоғары нәтижемен ерекшеленген. Ал тілдік дағдылар бөлінісінде оқу (Reading – 450 балл) ең мықты бағыт болса, тыңдалым (Listening – 397 балл) ең әлсіз тұс болып қалып отыр.
Былтыр еліміз 417 балмен 123 мемлекеттің ішінде 107-орынға тұрақтаған. Яғни бір жылда 7 балл қосып, 8 сатыға жоғарылаған.
Биыл рейтингтің жоғарғы сатысында Швеция тұр. Бұл ел 615 балл жинаған. Одан кейінгі орындарға Австрия, Дания, Германия және Нидерланд жайғасқан.
- Австрия – 613 балл;
- Дания – 612 балл;
- Германия – 611 балл;
- Нидерланд – 609 балл.
Рейтингке елдердің көрсеткіші EF SET деп аталатын онлайн тест арқылы бағаланады. Сондықтан бұл зерттеуді тұтас халықтың ағылшын тілін білу деңгейін көрсететін нақты өлшем деп қабылдауға болмайды. Өйткені тестілеуге қатысу ерікті болғандықтан, оған көбіне өз қалауымен тапсырған адамдар ғана қатысады.