Еліміз бойынша 31 тамыздан бастап жолаушылар туралы деректер ІІМ-ге берілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда 31 тамыздан бастап әуе, теміржол және теңіз көліктерімен жүретін жолаушылар туралы мәліметтер құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға берілетін болды. Бұл өзгерістер халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін енгізіліп отыр.
Әуе компаниялары, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар да, жолаушылар мен экипаж туралы деректерді екі мәрте – рейске 48 сағат қалғанда және тіркеу аяқталған соң жолдайды. Мәліметтер ішінде аты-жөні, туған күні, жынысы, азаматтығы, құжат деректері, рейс нөмірі, ұшып шығу және келу уақыты мен бағыты, орын нөмірі, багаж ақпараты және (жолаушы келіссе) байланыс деректері болады.
Пойыз билеттері туралы ақпарат тәулігіне 5 ретке дейін, ал теңіз көлігі бойынша тәулігіне 4 ретке дейін жолданады. Жиналатын деректердің ішінде жолаушының аты-жөні, құжат деректері, сапар бағыты және келісім болса, байланыс нөмірі бар.
Барлық мәлімет Астана уақыты бойынша тіркеледі және 5 жыл бойы сақталады.
Сонымен қатар этникалық шығу тегі, саяси көзқарас, діни немесе философиялық сенім, кәсіподаққа қатыстылық пен жыныстық бағдар сияқты жеке мәліметтерді жинауға тыйым салынған.