Қазақстандықтардың салыққа қарызы 20 миллиард теңгеге жуықтады

888

Ел азаматтары салықтық рақымшылық аясында 7,6 млрд теңге көлеміндегі салықтық қарыздарды төледі. 

Қазақстандықтардың салыққа қарызы 20 миллиард теңгеге жуықтады

Өсімпұлды есептен шығару мүмкіндігін 560 458 адам пайдаланды. Есептен шығарылған өсімпұлдың мөлшері 874,5 млн теңгені құрады, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша 613,7 мың азаматтың көлік салығы бойынша 17 млрд теңге қарызы бар. Борышкер-автокөлік иелерінің 90,4% -ның 50 мың теңгеге дейінгі қарыздары бар. Салықтың осы түрі бойынша ең үлкен қарыз (4 млн теңгеден астам) осы санаттағы борышкерлердің жалпы санының тек 0,003% құрайды.

Тағы 2,3 млрд теңге қарызды 777,8 мың жеке тұлға мүлік салығы бойынша жинады. Борышкерлердің көпшілігінің, атап айтқанда 66,3% -ның ел бюджеті алдындағы қарыздары 1000 теңгеден аспайды. Алайда, салықтың бұл түрі бойынша қарызы миллионнан асқандар бар. Елде осындай 33 адам бар (осы санаттағы борышкерлердің жалпы санының 0,004%).

Жер салығы бойынша 15 адамның бір миллионнан астам қарызы бар (осы санаттағы барлық борышкерлердің 0,002%). Ал, мемлекетке 1000 теңгеден аз қарызы барлар - 528,6 мың адам немесе 92,6%.

Естеріңізге сала кетейік, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлға бойынша жалпы қарыз 24,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде негізгі қарыз сомасы 20,3 млрд теңге, өсімпұл 4,3 млрд. теңге.

МКК жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады. Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі-2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылды.

Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында kgd.gov.kz сілтемесі бойынша, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу