Қазақстандықтардың зейнетақы қорынан ақша алуы қиындай түсті

Өйткені, БЖЗҚ-дан ақша алуды шектейтін тағы бір тыйым енгізіліп отыр. 

Қазақстандықтардың зейнетақы қорынан ақша алуы қиындай түсті Фото: gov.kz

Осылайша, бүгіннен, яғни 4 желтоқсаннан бастап "Отбасы банк" біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді қабылдамайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осыған дейін enpf-otbasy.kz платформасына жіберілген барлық өтінім қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралмақ. 

– Өтінім қабылдауды тоқтату Денсаулық сақтау министрлігінің БЖЗҚ емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерімен байланысты. Желтоқсанның үші күні тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді, – деп жазылған хабарламада.

Бүгінде банкте "офтальмология" бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім кезек күтіп тұр. Оның 5131 өтінімі (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеруде. Ал 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралған. 

– Стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан соң офтальмологияға сұраныс күрт артты. 15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін өсті. Сонымен қатар, банк бірқатар күмәнді жағдайды анықтады. Әртүрлі клиент бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеру барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды, – делінген банк мәліметінде. 

Бұған қарамастан, азаматтар БЖЗҚ артық қаражатты әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. Олардың қатарында орфандық (сирек) ауруларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радионуклидті және радио-йод терапия, радиохирургиялық ем, протондық терапия секілді аурулар бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу