Қазақстандықтардың жартысынан көбі ЖИ қолданады – cауалнама

102

Қазақстандықтардың жартысынан астамы (51,1%) ChatGPT, Google Gemini, Midjourney және басқа да жасанды интеллект технологияларын қолданады. 

Қазақстандықтардың жартысынан көбі ЖИ қолданады – cауалнама Фото: maqat-tynysy.kz

Бұл деректер ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты тапсырысымен жүргізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелеріне негізделген, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

ЖИ ең белсенді қолданатындар бұл жастар: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 76,2%-ы жасанды интеллект сервистерін пайдаланады. 30-45 жаста бұл көрсеткіш 57,1%-ға дейін төмендейді. Жас ұлғайған сайын технологияны қолдану деңгейі біртіндеп азаяды: 46–60 жас тобында 37,5%, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында – 16,6%.

Жастар мұндай цифрлық құралдарды көбіне оқу үрдісіне және өзін-өзі дамыту үшін (48,7%), сондай-ақ мәтіндермен жұмыс істеуге (44,2%) пайдаланады. Орта жастағы респонденттердің негізгі сұраныстары да осы бағыттармен сәйкес келеді: білім алу және мәтіндік міндеттер басты қажеттіліктердің қатарында. Ал 61 жастан асқан азаматтар үшін жасанды интеллект сервистері көбіне ақпарат іздеудің құралына айналған: бұл топтың 40,8%-ы ЖИ ең алдымен қарапайым іздеу жүйесі ретінде қолданады.

Гендерлік және әлеуметтік-демографиялық айырмашылықтар да айқын байқалады. Әйелдер цифрлық сервистерді ерлерге қарағанда жиі қолданады (54,6% және 46,6%). Сондай-ақ қала тұрғындары ауылдық жерлерге қарағанда жасанды интеллектті белсендірек пайдаланады: тиісінше 53,2% және 47,9%. Бұл айырмашылық көбіне қалалардағы цифрлық инфрақұрылымның кеңірек қолжетімділігімен түсіндіріледі.

Білім деңгейі де цифрлық құралдарды қолданудағы маңызды факторлардың бірі. Жоғары білімді респонденттер (64,2%) мен орта білімді азаматтар (37,7%) арасындағы алшақтық 1,7 есеге дейін жетеді. Бұл жаңа технологияларды меңгеру үшін білім мен дайындықтың шешуші рөлін көрсетеді. Сондай-ақ білім деңгейі мен цифрлық құзыреттілік арасындағы байланыс та айқын көрінеді: білім деңгейі жоғарылаған сайын заманауи технологияларды күнделікті өмірге енгізуге деген дайындық та арта түседі.

Айта кетейік, әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілді. Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының 18 жастан асқан респонденттері қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу