2025 жылы республикалық бюджеттен 4 трлн 225 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 368,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 856,6 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 2025 жылдың қорытындысы бойынша 143 143 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 549 теңге, базалық зейнетақы – 47 594 теңге. 2025 жылдың басынан бері базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып ұлғайтылды", – делінген хабарламада.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Осылайша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10%-ға артты.
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл – күнкөріс минимумының 70%-ы, ал ең жоғары мөлшері күнкөріс минимумының 110%-нан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды.
Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 110% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.