Ведомство жаппай тәртіпсіздіктер болған Мексикадағы жағдайға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасап, қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта Мексикада 35 Қазақстан азаматы консулдық есепте тұр.
– Қазақстанның Мексикадағы Елшілігі елдегі ахуалға мұқият қарап отыр және отандастармен тұрақты байланыста. Қазақстан азаматтарына сабыр сақтап, қырағылық танытуға және қауіпті жерлерге бармауға кеңес береміз, – деп жазылған ҚР СІМ ақпаратында.
Айта кетейік, жексенбі күні Мексиканың батысындағы кейбір аудандарда әскери операция кезінде қақтығыстар болған еді. Мексика әскері Халиско Жаңа ұрпақ картельінің жетекшісі, "Эль-Менчо" деген атпен белгілі Немесио Осегуера Сервантесті өлтірді.
Мексика Қорғаныс министрлігі әскери операция елдің батысындағы Тапальпа қаласында жүргізілгенін айтады. Атыс кезінде 60 жастағы Эль Менчодан өзге картельдің 4 мүшесі жан тапсырса, тағы екеуі ауыр жарақат алғаны туралы деректер бар. Сонымен қатар, күштік құрылымдар арасынан 3 әскери қызметкер жараланған.