Қазақстанға 6 жылда 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту қажет

251

Үкімет алдына 2029-шы жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есеге арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды.

Қазақстанға 6 жылда 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту қажет Фото: inbusiness.kz

Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029-шы жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Сол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде, инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырудамыз. Инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңғырту мақсатында "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы жүзеге асуда. Осы жоба аясында алдымыздағы 6 жылда 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту көзделуде", — деді Премьер-министр Әлихан Смайылов "Kazakhstan Global Investment Roundtable" форумы барысында. 

Ал жобаны сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2029-шы жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары әзірленуде. Күрделі мұнай-газ жобаларына инвестицияларды тарту мақсатында биылдан бастап Жақсартылған модельдік контракт аясында қаржылай ынталандыру механизмі енгізілді.  

Сонымен қатар, басым салалардағы құны 50 млн доллардан асатын инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде Қазақстан заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім бекіту мүмкіндігі туды. Бүгінгі күні жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 6 инвестициялық келісімге қол қойылды.

500 миллион доллардан астам сомада инвестициялау кезінде 10 жылға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалды.

"53 мемлекетпен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдер жасалған. Бүгінде 83 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, ал 109 мемлекеттің резиденттері үшін электрондық визалар қолжетімді. Сонымен бірге, ерекше инвесторлық визалар қарастырылған", — деп жалғастырды Ә.Смайылов.

Жалпы бүгінгі форум аясында экономиканың түрлі салаларында жалпы құны 1,6 млрд доллардан асатын  20-дан астам коммерциялық келісімдерге қол қойылады.

Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ке өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың 6 айында ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу