Қазақстанға Австралиядан 1,7 мыңнан астам асыл тұқымды қой жеткізілді

259

​Қазақстанда етті бағыттағы қой шаруашылығын дамыту және малдың генетикалық сапасын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанға Австралиядан 1,7 мыңнан астам асыл тұқымды қой жеткізілді Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Осы мақсатта 30 қазанда Австралиядан Қазақстанға дорпер және "Австралиялық ақ" тұқымдарының 1 765 бас қойы жеткізілді. Асыл тұқымды мал Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы екі шаруашылыққа бөлінеді.

Атап айтқанда, Астана халықаралық әуежайына Ақмола облысындағы "Ерейментау-Астық-2014" ЖШС үшін дорпер тұқымының 1 100 бас қойы әкелінді. Бұл – шаруашылықтың 4 мың бас ұсақ мал сатып алу жөніндегі жобасының алғашқы кезеңі. Жоба "Береке" жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып отыр.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы "Eco Lamb" ЖШС 665 бас асыл тұқымды қой сатып алды. Оның 497-сі – "Австралиялық ақ" тұқымы, 168-і – дорпер тұқымды саулық.

"Eco Lamb" шаруашылығы алдағы уақытта австралиялық ақ тұқымды қой өсіретін асыл тұқымды репродуктор ашуды жоспарлап отыр. Бұл тұқымдардың таңдалуына олардың жоғары ет өнімділігі, генетикалық әлеуеті және тез жетілетін қасиеттері негіз болған.

Мамандардың айтуынша, аталған тұқымдарды шаруашылықтарға енгізу мал өнімділігін арттырып, қой етінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіріс шығынын оңтайландырып, саланың экономикалық тиімділігін көтеруге ықпал етеді.

Асыл тұқымды репродуктордың құрылуы Қазақстанда жоғары өнімді қойларды жергілікті жағдайда көбейтуге жол ашады. Нәтижесінде сапалы генетикалық материалдың отандық қоры қалыптасып, оны өзге шаруашылықтарға тарату мүмкіндігі пайда болады.

Австралиядан мал әкелу жұмыстары 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізіліп жатыр. Бағдарламада мал өнімділігін арттыру, асыл тұқымды базаны нығайту, отандық селекцияны дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту міндеттері көзделген.

Жаңа жобалар Қазақстанның етті бағыттағы қой шаруашылығын дамытуға, сапалы қой етінің өндірісін арттыруға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ малды терең өңдеу саласына серпін беріп, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу