Қазақстанға екінші Airbus A400M әскери-көлік ұшағы жеткізілді

307

​Испаниядан Алматыға Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне арналған екінші Airbus A400M Atlas ауыр әскери-көлік ұшағы жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанға екінші Airbus A400M әскери-көлік ұшағы жеткізілді Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңа әуе кемесінің қосылуы еліміздің әскери-көлік авиациясының әлеуетін арттырып, оның мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Airbus A400M ұшағы әскери мақсаттағы міндеттерді орындаумен қатар, төтенше жағдайлар кезінде зардаптарды жоюға, халықты эвакуациялауға және гуманитарлық жүктерді тасымалдауға қолданылады.

Сондай-ақ бұл ұшақтар қазақстандық әскери қызметшілерді халықаралық бітімгерлік миссияларға жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни Қазақстан бітімгерлік контингентін қажетті жерге өз авиациясының көмегімен тасымалдау мүмкіндігіне ие болады.

Жаңа техниканы игеру үшін қазақстандық ұшқыштар мен инженерлік-техникалық мамандар алдын ала даярлықтан өтті. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық курстарды аяқтап, ұшақты басқару, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету бойынша білім алды.

Айта кетейік, Airbus A400M әскери-көлік ұшағы әлемнің он елінің, соның ішінде Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембургтің қарулы күштерінде қолданылады.

Аталған ұшақ ауыр әскери техниканы алыс қашықтыққа тасымалдай алады. Сонымен қатар қысқа әрі арнайы жабын төселмеген ұшу-қону жолақтарына қонуға бейімделген. Бұл оның қолдану аясын кеңейтіп, Қазақстан Қарулы күштерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу