Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялар анықталды

364

2026 жылдың алғашқы жеті айында ғана шетелдік интернет-компаниялар қазынаға 51,5 млрд теңге аударған.  

Қазақстанға ең көп салық төлеген компаниялар анықталды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда шетелдік цифрлық компаниялардан алынатын "Google салығынан" бюджетке түсетін қаражат жыл сайын артып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылы "Google салығы" енгізілгелі бері шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 178,8 млрд теңге аударған. Бұл – 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша көрсеткіш.

"Google салығы" деген атау қоғамда кең тарағанымен, іс жүзінде бұл – шетелдік компаниялар Қазақстандағы тұтынушыларға интернет арқылы тауар сатқанда немесе электрондық қызмет көрсеткенде төлейтін қосылған құн салығы (ҚҚС).

Қазір елімізде осы салықты төлеуші ретінде 133 шетелдік компания тіркелген. Олардың қатарында Apple, Amazon, Alibaba, Google, Meta, Microsoft, Netflix, OpenAI, Ozon, Temu, TikTok, Samsung, Sony және Zoom секілді әлемдік компаниялар бар.

Ең көп салықты Temu-мен байланысты компания төлеген 2025 жылы шетелдік компаниялар Қазақстан бюджетіне жалпы 57,6 млрд теңге аударды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, өткен жылы ең көп төлем жасаған компания – Сингапурда тіркелген Elementary Innovation Pte. Ltd. Компания Temu маркетплейсімен байланысты. Оның Қазақстан бюджетіне төлеген салығы 13,3 млрд теңгені құраған.

Екінші орында – Apple. Компания бір жылда 11,2 млрд теңге төлеген. Ал Steam ойын платформасының иесі Valve Қазақстан бюджетіне 10,3 млрд теңге аударған.

Үздік бестікте:      

  • Google – 7,3 млрд теңге;       
  • iHerb – 4,9 млрд теңге.

Алғашқы ондыққа Meta, TikTok, AliExpress және Қазақстандықтар жиі пайдаланатын басқа да шетелдік интернет-сервистер мен маркетплейстер кірген. Қазақстанда танымал стримингтік және цифрлық сервистер де бюджетке салық төлейді.

2025 жылғы көрсеткіштер:

  • Netflix – 353,9 млн теңге;          
  • Spotify AB – 293,1 млн теңге;          
  • Zoom – 183,2 млн теңге;   
  • Nintendo – 54 млн теңге;         
  • Coursera – 33,2 млн теңге;       
  • Samsung Electronics – 9 млн теңге;
  • IMDb.com – 375,7 мың теңге.

Бұл ретте Қазақстанда тіркелген шетелдік компаниялардың барлығы бірдей жыл сайын салық төлемейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, ҚҚС компания Қазақстан азаматтарына тауар немесе қызмет сатқан жағдайда ғана есептеледі. Сондықтан белгілі бір компания бойынша салық төлемінің көрсетілмеуі оның қазақстандық тұтынушыларға сол кезеңде тауар немесе қызмет ұсынбағанын білдіруі мүмкін.

Шетелдік цифрлық компаниялардан бюджетке түсетін салық көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өскен:

  • 2022 жыл – 10,4 млрд теңге;        
  • 2023 жыл – 24,3 млрд теңге;
  • 2024 жыл – 35 млрд теңге;
  • 2025 жыл – 57,6 млрд теңге;          
  • 2026 жылдың 1 қаңтары мен 1 тамызы аралығы – 51,5 млрд теңге.

Ең жоғары өсім 2025 жылы байқалды. Сол жылы шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан бюджетіне 2024 жылмен салыстырғанда 22,6 млрд теңгеге көп салық төлеген.

Ал 2026 жылдың 7 айындағы көрсеткіштің өзі өткен жылдың толық көлеміне жақындап қалды. Осы қарқын сақталса, биыл "Google салығынан" түсетін түсім жаңа рекорд орнатуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу