Қазақстанға Қытайдан қандай өнімдер импортталады?

1443

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24,1 млрд долларды құрады.  

Қазақстанға Қытайдан қандай өнімдер импортталады? Фото: dknews.kz

Бұл 2021 жылға қарағанда 34,1%-ға артық, деп жазады inbusiness.kz www.energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

Елімізден экспорт бір жылда 34,7%-ға, 13,2 млрд долларға дейін өсті. Қазақстанның Қытайға экспорт үлесі елдің жалпы тауар айналымында 15,6% болды. Қытайдан Қазақстанға импорт көлемі бір жылда 33,5%-ға, 11 млрд долларға дейін өсті. Еліміздің импорт құрылымындағы Қытай үлесі – 21,9%.

Қазақстаннан Қытайға жіберілетін негізгі экспорттық тауарлары ішінде шикі мұнай мен мұнай өнімдері бірінші орында тұр: 4,1 млрд доллар, бір жыл бұрынғыдан қарағанда 2,2 есе көп. Одан кейінгі орындарда тазартылған мыс пен мыс қорытпалары (2,3 млрд доллар, жылына +15,2%), табиғи газ (1,2 млрд доллар, +13,6%) бар.

Экспортқа шығарылатын негізгі тауарлардың бестігіне бейорганикалық химия өнімдері мен ферроқорытпалар да кірді.

Бұдан басқа Қытайдан келетін импорттық тауарлардың көш басында телефондар мен смартфондар тұр: 910,7 млн доллар. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29,6%-ға көп. Импортталатын негізгі тауарлар тізіміне есептеу машиналары, киім-кешек, шиналар және автомобиль бөлшектері де кірген.

Қытай кәсіпкерлері – еліміздің экономикасының белсенді инвесторлары. 2022 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстан резиденттерінің қытайлық инвесторлар алдындағы міндеттемелері 13,4 млрд долларды құраған. Ресурстың жазуынша, бұл көрсеткіш осы тұрақты деңгейде сақталып отыр.

Аспан асты елі инвесторларының негізгі салымдары көлік және қоймалау (2,9 млрд доллар), өңдеу өнеркәсібі (2,7 млрд доллар), сондай-ақ құрылыс салаларына (2 млрд доллар) бағытталған.

Бұл ретте былтырғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей қытай инвестицияларының жалпы ағыны шамамен 1 млрд долларды құрады. Ал, 2021 жылдың үш тоқсанында бұл көрсеткіш 1,5 миллиард долларға жетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу