Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Энергетика министрлігінен Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізе алатын қандай мемлекеттер бар екенін сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісім белгілі бір мерзімге жасалады. Келісім талаптарына сәйкес, кез келген тарап екінші тарапты 6 ай бұрын хабардар ету арқылы оның қолданысын тоқтатуға құқылы. Ресей тарапы мұнай өнімдерін жеткізу көлемін қысқартқан жағдайда, Қазақстанда ішкі тұтынуды қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің баламалы бағыттары бар ма?", – деді депутат Құрылтайдың жалпы отырысында.
Бұл сауалға жауап берген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осындай мүмкіндіктер бар екенін айтты.
"Бірақ біз экономикалық жағына назар аударуымыз керек. Өйткені, мысалы Еуропадан мұнай өнімдерін алып келсек, логистикалық мәселелерге әкеледі. Оны Қара теңізбен, содан кейін теміржол вагондарына жөнелтіп, Қазақстанға әкелуіміз керек. Бұл – қосымша логистикалық шығындар. Ал Ресейден алып келсек, мұнай өңдеу зауыттарының көбі шекарада орналасқан. Бұл мұнай өнімдерін Қазақстан нарығына тез жеткізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Еуропадағы баға Ресейге қарағанда жоқ дегенде 50% жоғары. Сол үшін бұл бірінші жағынан экономикалық, екінші жағынан логистикалық мәселе", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін министр Ресейден мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу режимін сақтаудың маңызын айтқанын жазғанбыз.