Қазақстанға Нидерландтан 7000 алма тамырсабағы әкелінді

139

Ол өнімділікті арттырып, жеміс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Қазақстанға Нидерландтан 7000 алма тамырсабағы әкелінді Фото: АШМ

Қазақстанға Нидерландтан 7 мыңнан астам алма тамырсабағы (телітуші) жеткізілді. Көшет шаруашылығы дамыған елден әкелінген бұл отырғызу материалы вирустардан таза көшет жүйесін қалыптастыруға негіз болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Телітушілерді іріктеу мен жеткізу тұқымдар мен отырғызу материалдарын сертификаттауға маманданған Naktuinbouw халықаралық ұйымының ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылды. Жеткізуші – Vermeerderingstuinen Nederland компаниясы, ол basic санатындағы өнім ұсынды. Бұл оның жоғары сапасын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Қазақстанға M9, MM106, MM111, B9, M7, P16 және P22 сияқты танымал сериядағы телітушілер әкелінді.

Сонымен қатар, ел ішінде де белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының биотехнологиялық зертханаларында in vitro әдісі арқылы pre-basic және basic санатындағы шамамен 3 мың өсімдік өсірілді. Олардың қатарында отандық селекцияның клондық түрлері бар. Бұл еліміздің ғылыми базасының дамып келе жатқанын және бау-бақша саласындағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Алматы облысында, "Талғар" филиалы базасында, вирустардан таза телітушілерді өсіруге арналған арнайы базалық учаске құрылды. Бұл нысан сапалы отырғызу материалдарын одан әрі көбейтудің негізгі көзіне айналады. Сонымен қатар, мұнда көлемі 1,5 гектар болатын аналық-қалемшелік бақ қалыптастырылуда. Бұл ел ішінде көшет өндіру көлемін едәуір арттыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды бағытының бірі – алма сорттарының ассортиментін кеңейту. Қазақстанға Gala, Fuji, Golden Delicious, Granny Smith сияқты сұранысқа ие коммерциялық сорттармен қатар Rubinette, Topaz және Baya Marisa секілді заманауи селекциялық жаңалықтар да әкелінді. Қазіргі уақытта олар жергілікті жағдайда сынақтан өтуде.

Жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Вирустардан таза отырғызу материалдарын енгізу бау-бақша саласындағы шығындарды азайтып, өнімділік пен сапаны арттыруға, сондай-ақ аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу