Наурыз айында Қазақстан бойынша қара шайдың орташа бағасы келісіне 5 846 теңгені құраған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Яғни, былтырғы наурызбен салыстырғанда шайдың орташа бағасы 6,9%-ға өскен. Орта есеппен қазақстандықтар 250 грамм шай қорабын 1 462 теңгеге алады.
– Өңірлер бөлінісінде қара шайдың ең төменгі бағасы Семей қаласында байқалды. 1 келі үшін – 5 300 теңге. Ал ең қымбат шай Шымкенттің бөлшек сауда орындарында (6 747 теңге/келі) сатылған. Сондай-ақ, жоғары баға Атырауда (6 338 тг/кг), Қарағандыда (6 216 тг/кг) және Қызылордада (6 069 тг/кг) тіркелді. Қалған қалаларда орташа баға 1 келі үшін 5,4 мыңнан 5,9 мың теңгеге дейін құбылады, – делінген хабарламада.
Жалпы шай тұтыну деңгейі бойынша бір адамға айына орта есеппен шамамен 100 грамм шайдан келетінін анықталған.
Шайдың негізгі жеткізушілерінің қатарында Кения бар. Импортталатын өнімнің шамамен 40%-ы осы елдің үлесіне тиесілі болып отыр. Сонымен қатар, негізгі көлемдер Үндістан мен Қытайдан жеткізіледі.