Қазақстанға суперкомпьютер үшін қуатты H200 чиптері жеткізіледі

246

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлімдеді. 

Қазақстанға суперкомпьютер үшін қуатты H200 чиптері жеткізіледі Фото: habr

Алдағы 3-4 айда Қазақстан аумағына Nvidia компаниясының соңғы буындағы H200 чиптері жеткізіліп, суперкомпьютер базасында орнатылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

– Бұған дейін елімізге алғашқы Nvidia чиптері жеткізілген болатын, бірақ олардың қуаты шектеулі еді. Енді алдағы уақытта қуатты H200 құрылғыларын аламыз. Жалпы, 64 кластерді қамтитын жүйе құрылады. Бұл чиптер деректерді өңдеу орталығында орнатылып, барлық қауіпсіздік талаптары сақталады, деді Қаныш Төлеушин Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында.

АҚШ-тың тиісті органдары аталған чиптерді Қазақстанға экспорттауға рұқсат берген. Вице-министрдің айтуынша, суперкомпьютерге салынған инвестиция өзін тез арада ақтайды, өйткені қазірдің өзінде оның есептеу қуатын жалға алуға ниет білдірген ұйымдар бар.

Айта кетейік, биыл наурызда Мәжілісте жасанды интеллект технологияларын пайдалануға арналған заң жобасы таныстырылған болатын. Бұл құжат Қазақстанда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған.

Еске салсақ, Қазақстан қуатты суперкомпьютер құру жұмысын былтыр бастаған. 2023 жылдың күзінде министрлік АҚШ-қа қажетті жабдықтарға алдын ала тапсырыс берген. Алайда, чиптерді жеткізу мерзімі америкалық тараптың экспорт лицензиясын беруіне байланысты кейінге шегерілген еді. Енді сәуір айының басында министр Жаслан Мәдиев бұл жабдықтар жақын арада жеткізілетінін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу