Қазақстаннан ақша аударымдары айтарлықтай азайып кетті

218

Тамыз айында Қазақстаннан шетелге халықаралық ақша аудару жүйелері (ХААЖ) арқылы жіберілген қаражат көлемі күрт төмендеді.  

Қазақстаннан ақша аударымдары айтарлықтай азайып кетті Фото: Владимир Третьяков

Бір айда аударымдар көлемі екі есеге азайып, 27,9 млрд теңгені құрады. Шілдеде бұл көрсеткіш 56,4 млрд теңге болған, деп жазады inbusiness.kz сайты

ҚР Ұлттық банкі дерегінше, инфляцияны ескергенде, аталған көрсеткіш 2016 жылдың қаңтарынан бергі ең төменгі деңгейге сәйкес келеді. Аударымдардың төмендеуіне ең көп әсер еткен бағыттардың бірі – Ресей. Тамызда Қазақстаннан Ресейге 1,2 млрд теңге жіберілген. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 14,3 есе аз.

Өзбекстанға аударылған қаражат көлемі де айтарлықтай төмендеді. Тамызда бұл елге 12,3 млрд теңге жіберілді, яғни бір айда 39% азайды.

Бұдан бөлек, Қырғызстан мен Түркия бағыттарында да төмендеу байқалды, тиісінше 0,7 млрд теңге (-75%) және 4,6 млрд теңге (-21%).

Тамызда шетелден Қазақстанға ХААЖ арқылы келген ақша көлемі бір айда 24% төмендеп, 12,2 млрд теңгеге жетті. Мұнда да негізгі әсер Ресей тарапынан келген аударымдардың күрт қысқаруымен байланысты. Ресейден Қазақстанға жіберілген қаражат көлемі 11,9 есе азайып, 0,2 млрд теңгеге жетті.

ХААЖ арқылы аударымдардың күрт төмендеуі Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкцияларының 21-пакеті енгізілгеннен кейін байқалды. 2026 жылғы 24 шілдеде қабылданған санкциялар аясында "Золотая Корона" жүйесінің операторы – "Мобильная карта" коммерциялық емес ұйымы және есеп айырысу орталығы – "Платежный центр" санкциялық шектеулерге түсті.

Тамыздан бастап "Золотая Корона" Ұлттық банк статистикасында шетелге ақша аударуға пайдаланылатын ХААЖ жүйелерінің қатарында көрсетілмейді. Бұған дейін бұл жүйе халықаралық аударымдардың басым бөлігін қамтамасыз еткен.

Осы өзгеріс Қазақстаннан шетелге және шетелден Қазақстанға ақша аударымдарының тамыздағы күрт төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу