Қазақстаннан Солтүстік Африкаға полипропилен жеткізіле бастады

140

Атырау облысындағы "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." газ-химия зауыты биылғы 4 айда 131 мың тонна полипропилен өндірген.  

Қазақстаннан Солтүстік Африкаға полипропилен жеткізіле бастады Фото: kmg.kz

Ал, өнімнің сатылымы 9%-ға артқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Атырау облысындағы "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." газ-химия зауыты Солтүстік Африка елдеріне 198 тонна полипропилен жөнелткен. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасеновтың зауытқа жұмыс сапары кезінде баяндалды.

Еуропа нарығына экспорт 235%-ға өсіп, 62,3 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар ішкі нарықта да сұраныс 23%-ға өсіп, 14,4 мың тоннаға жетті. Зауыттан өнім сатып алатын отандық кәсіпорындар саны 157-ден 171-ге көбейген.

Қазір кәсіпорын жұмысты тоқтатпай, тұрақты жүргізу үшін қажетті бөлшектер қорын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ зауыт жабдықтарының күйін бақылау үшін жасанды интеллект негізіндегі арнайы талдау жүйесі енгізіледі. Алдағы уақытта өндірісті тиімді басқару мақсатында Meridium APM бағдарламасын іске қосу жоспарланған.

Полипропилен зауыты 2022 жылдың қарашасында ресми түрде іске қосылды. Бірақ 2025 жылға дейін толық қуатына жете алған жоқ. Жоба –Теңіз кен орнынан шыққан шикізатты өңдеуге арналған Қазақстандағы алғашқы ауқымды бастама болып саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу