Қазгидромет таратқан мәліметке сәйкес, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Өскемен, Семей, Риддер, Атырау, Ақтөбе қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Астанада ауа ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл желсіздік немесе әлсіз жел, тұман, ауа температурасының инверсиясы сияқты қысқа мерзімді табиғи факторлардың жиынтығы. Мұндай кезде атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналып, ауа сапасы нашарлайды.
Осыған байланысты тұрғындарға ашық ауада, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластаушы көздерге жақын аумақтарда ұзақ уақыт болмау ұсынылады. Ал тыныс алу жолдарының, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар азаматтарға далаға шыққан кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру кеңес етіледі.