Қазақстанның 14 университетінде жасанды интеллект курсы пилоттық негізде іске қосылады

337

Келесі жылдан бастап ЖОО-лардың барлық студентіне бұл курс міндетті болмақ. 

Қазақстанның 14 университетінде жасанды интеллект курсы пилоттық негізде іске қосылады Фото: Казахстанская правда

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Digital Bridge 2023 форумында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Ведомство басшысының сөзінше, IT – адами капиталға тікелей қатысты әрі оның негізінде жүзеге асырылатын сала.

"Бүгінгі таңда елімізде 119 университет бар. Мұнда 626 мың студент білім алып жатыр. 76 университетте IT мамандар даярланады. Бізде 7 жылдық жеке тұжырымдама әзірленді", - деп атап өтті Саясат Нұрбек "Қазақстан – IT мемлекет" панельдік сессиясында.

Ол жоғары оқу орындарына автономия беріліп жатқанын, министрліктің мемлекеттік білім беру стандартын толығымен қайта қарағанын баса айтты.

"Биылдан бастап университеттер жоғары білім беру мазмұнының 92 пайызына дейін жұмыс берушілердің сұраныстарын ескере отырып өздері белгілейді. Бұдан бөлек біз инженерлерді даярлау мазмұнын және грант құнын арттыру мәселелерін қайта қарастырып жатырмыз. Біз үшін қазіргі таңда сапаға әрі бағдарлама мазмұнына басымдық беру маңызды", - деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының кемінде 3 университет жасанды интеллект әзірлеу бағытына мамандануы тиіс деген тапсырмасы бар.

Саясат Нұрбек Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университет базасында жасанды интеллект мектебі ашылатынын еске салды.

"Сеул университетімен 7 жылдық бағдарлама бойынша келісім жасалды. Қараша айында Гонконг қалалық университеті мен Сәтбаев атындағы университет арасында келісім жасалады. Үшінші мектепті әрі қарай белгілейтін боламыз", - деп жалғастырды спикер.

Ғылым және жоғары білім министрі ЖОО әр студентінің цифрлық сауаттылықтан бөлек, жасанды интеллект тұрғысынан сауаттылығы болғаны маңызды екенін айтты.

"Сол себептен Google компаниясымен бірлесіп арнайы курс әзірленді. Биыл 14 университетте оны пилоттық негізде іске қосамыз. Соның ішінде 7-уі мемлекеттік болса, қалғаны жеке меншіктегі университет. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша келесі жылдан бастап ЖОО-лардың барлық студентіне бұл курс міндетті болады. Финляндияның бұл бағытта жақсы тәжірибесі бар. Олар бірнеше жыл бұрын ересек тұрғындардың 1 пайызында жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдылары болсын, оны өз қызметінде күн сайын қолдансын деген міндет қойды. Бүгінде бұл межені олар 10 пайызға дейін ұлғайтты", - деп түйіндеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Еске салайық, осыған дейін Астанада Digital Bridge 2023 халықаралық форумы басталғанына жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу