Өндіріс көлемінің ұлғаюымен қатар, өнімді терең өңдеу мен экспортты дамытуға да басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өсімдік шаруашылығы 6,4%-ға, мал шаруашылығы 3,2%-ға өскен. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 13%-ға артып, 3,6 трлн теңгені құрады.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Есепті кезеңде сойылған немесе союға өткізілген төрт түлік пен құстың көлемі 1,59 млн тоннаға жетіп, бір жылда 3,4%-ға өсті.Ал сиыр сүтінің өндірісі – 3,3 млн тонна.
Саланың дамуына мемлекеттік қолдау да әсер етіп отыр. Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл шаруаларға берілген жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражат шаруаларға қажетті ресурстарды уақытылы сатып алып, егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді.
Министрдің дерегінше, елімізде шамамен 270 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші бар. Олардың 25 мыңға жуығы мемлекеттік субсидия алады. Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 750 млрд теңге қарастырылған.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті бағыттың бірі – техника паркін жаңарту. Сапаровтың сөзінше, сатып алынатын техниканың 95%-ы Қазақстанда өндіріледі. Бұл отандық машина жасау кәсіпорындарының дамуына да ықпал етіп отыр.
Өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар деуге болады. Биыл он айда өсімдік майының өндірісі 24,1%-ға артып, 938 мың тоннаға жетті. Ұн өндірісі 3,2 млн тоннаны құрады.
Ал қаңтар-қыркүйек айларында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3,4 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға өскен. Оның жалпы агроэкспорттағы үлесі 53,3%-ды құрады.
– Қазақстан тек астық сатумен ғана шектелмей, дайын өнім экспорттау арқылы да табыс табуы керек. Бұл ауыл шаруашылығының экономикалық қайтарымын мүлде басқа деңгейге көтереді, – деді Айдарбек Сапаров.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде жылына 5 млн тоннадан астам астық өңделеді. Ал 2029 жылға дейін бидай мен жүгеріні терең өңдейтін 6 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы, биылғы көрсеткіштер агроөнеркәсіп кешенінде өндіріс пен өңдеу көлемінің ұлғайғанын көрсетеді. Десе де, саланың тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қолдаумен қатар, еңбек өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және шикізаттан дайын өнім өндіруге көшу маңызды болып қала береді.