Қазақстанның алтын-валюта қоры артты

1597

2021 жылғы сәуірдің соңында еліміздің жалпы алтын-валюта қоры (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда) 11,9%-ға өсіп, 34,2 млрд долларға жетті,деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанның алтын-валюта қоры артты

Бір айда сома 2%-ға артқан. Мұндай өсім алтын портфелінің өсуімен байланысты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 9,4%-ға артып, ақшалай мәнде 22,8 млрд доллар болды. 2015 жылдан бастап, Ұлттық банк алтын сатып алу саясатын ұстанып келеді. Бүгінде еліміздің қорындағы алтынның үлесі – 66,5%, ал 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 32,3% болған еді.

Ұлттық банктің алтынға деген сұранысы оның бірегейлігіне байланысты. Алтын – стратегиялық актив. Себебі, ол инвестиция, резервтік актив қызметін атқарады, әрі байлықтың белгісі болып саналады. Сонымен қатар құнды металл технологиялық секторда пайдаланылады, оған сұраныс әрқашан бар. Алтын – өтімді, несиелік тәуекелге ұшырамайды және уақыт өтсе де құндылығын жоғалтпайды.

Алтын-валюта қорындағы алтын үлесінің жоғары болуы – дамыған елдер арасында кең таралған тәжірибе. Мысалы, 2021 жылғы наурыздың соңында қордағы алтын үлесінің жоғары үлесі бойынша үздік 10 елдің қатарына дамыған 7 мемлекет енді. Португалияның алтын валюта қорындағы алтынның үлесі – 77,8%, АҚШ – 77,6%, Германия – 74,2%, Италия – 69%, Кипр – 66,8%, Нидерланды – 66,8%, Франция – 64,3%. Бұл тізімде Қазақстан 9-орында.

Осы жылғы бірінші тоқсанда орталық банктер таза сатып алудың жоғары деңгейін ұстап тұрған: әлемдегі ресми алтын-валюта қоры 95,5 тоннаға өскен: алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 20%-ға көп.

2021 жылғы бірінші тоқсанда Ұлттық банк 8 тонна алтын сатып алған.
Коронавирус пандемиясынан туындаған дағдарыс жағдайында Қазақстанның алтын-валюта қоры зардап шекпеген, ол керісінше өскен. Ал көптеген мемлекетте оның қоры айтарлықтай азайған.

Алтын экономикалық дағдарысқа "төзімді" болып саналады. Сондай-ақ ол инвесторларға портфеліндегі өтімділігі төмен активтерді сату қиын болған кезде немесе сату тек төмен бағамен жүргізілгенде міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.

Дағдарыста S&P 500 индексіне кіретін әлемдегі ең ірі компаниялардың бағалы қағаздарының бағасы төмендегенде, алтын қымбаттаған болатын. Мысалы, 2007-2008 жылдары әлемдегі қаржы дағдарысы кезінде S&P 500 индексі 47,76%-ға төмендеген, ал алтын кірістілігі 47,17% болды. Осыған ұқсас жағдай COVID-19 пандемиясы кезінде де қайталанды.

Әдетте алтын бағасы жүйелік тәуекел кезеңінде өседі және инвестициялық портфельдің "қауіпсіздік жастығы" болып саналады. Институционалды инвесторлар әртараптандыру және тәуекелге түзету енгізу арқылы неғұрлым жоғары табыс табу үшін дәстүрлі активтердің (акциялар және облигациялар) орнына баламалы құралдарды пайдаланады.

Институционалды инвесторлар портфелінің құрылымындағы дәстүрлі емес активтердің (оның ішінде алтынның) үлесі 1999 жылғы 7%-дан 2020 жылы 26%-ға өсті. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 30%.

Инвесторлар алтынды негізгі инвестицияның бірі ретінде бағалайды.
2001 жылдан бастап әлемдегі инвестициялық сұраныс жылына орта есеппен 15%-ға өсті, ал алтын бағасы сол кезеңде 18 есе өскен.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің сарапшылары алтынның институционалды портфельге оң әсер етеді деген пікірді ұстанады.

Зерттеулер нәтижесіне сәйкес, орташа портфельге 5%-дан 15%-ға дейін алтын қосылса, ол көрсеткішті айтарлықтай жақсарта алады және ұзақ мерзімді тәуекелге түзету енгізіп, кірістілікті арттырады. Бұл оң әсер әлемдегі қаржы дағдарысынан кейін байқалды.

Алтын барлық ауқымды тауар индексінен және олардың жеке компоненттерінен бағалы екенін дәлелдеді. Осылайша, алтынның орташа жылдық кірістілігі 20 жыл ішінде 15,61%, мыс – 15,3%, күміс – 14,6%, платина – 9,33% және тағы басқа.

Биыл сәуірдің басында Қазақстанның алтын-валюта қорында 395,8 тонна алтын болды. Соңғы 10 жылда Ұлттық банк 320,5 тонна алтын сатып алды. Осылайша, уақтылы іс-қимыл жасау және портфельді алтынның пайдасына әртараптандыру нәтижесінде Қазақстанның алтын-валюта қорының көлемі дағдарыс кезеңінде сақталып қана қоймай, оның көлемі айтарлықтай өсті. 

Әлемдегі процестерді және алтынның әлем нарығындағы рөлін ескерсек, елдің қаржы реттеушісінің іс-қимылын тиімді деп бағалауға болады. Бұл жағдай еліміздегі алтын қорын сенімді қорғауға мүмкіндік береді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу