Қазақстанның атом саласы үшін кадр даярлау: ғылымның, білім берудің және зерттеу инфрақұрылымының рөлі

254

Спикер – Қабдырақова Алуа Мырзағазықызы, ҚР ҰЯО РМК ғалым хатшысы мәлім етті.  

Қазақстанның атом саласы үшін кадр даярлау: ғылымның, білім берудің және зерттеу инфрақұрылымының рөлі

Атом энергетикасын дамыту заманауи білімі мен практикалық тәжірибеcі бар жоғары білікті мамандарсыз мүмкін емес. Мұндай кадрды даярлау алғашқы жұмыс күнінен әлдеқайда бұрын, яғни мектеп қабырғасынан басталып, колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғасады және маманның бүкіл кәсіби қызметі барысында үздіксіз жетілдіріліп отырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында отандық атом саласы үшін кадр даярлау жүйесінің қалай қалыптасқаны туралы ҚР ҰЯО РМК ғалым хатшысы Алуа Мырзағазықызы Қабдырақова әңгімелейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Неліктен бүгінгі күні кадр даярлау атом саласын дамытудың негізгі шарттарының бірі болып саналады?

Қазіргі атом энергетикасы – ғылымды көп қажет ететін салалардың бірі. Оның тұрақты дамуы терең теориялық білімі, практикалық дағдылары және жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесі бар мамандарсыз мүмкін емес. Сондықтан кадр даярлау стратегиялық маңызды міндет ретінде қарастырылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ғылыми және инженерлік кешенді кадр даярлау жүйесі қалыптасқан. Ол оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беруден бастап, жоғары білікті ғылыми кадрды даярлауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға дейінгі кәсіби қалыптасудың барлық кезеңін қамтиды.

Болашақ мамандарды даярлау неден басталады?

Кадр даярлаудың алғашқы кезеңі – мектеп оқушыларымен жұмыс.

Ұлттық ядролық орталық жыл сайын "Жас физик" жазғы мектебін ұйымдастырып, өзінің ғылыми-технологиялық нысандарына танымдық экскурсиялар өткізеді. Мұндай іс-шаралар жоғары сынып оқушыларына заманауи ғылым мен инженериямен танысуға, зерттеу инфрақұрылымының жұмысын өз көзімен көруге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.

Кадр даярлауда колледждердің рөлі қандай?

Мамандарды даярлау тәжірибелік дайындықсыз мүмкін емес. Осыған байланысты
ҚР ҰЯО РМК өңірлік колледждермен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

Орталықтың серіктестері қатарында Электротехникалық колледж, Азаматтық қорғау жоғары колледжі, Семей қаласының Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі бар. Мұндай ынтымақтастық студенттердің болашақ мамандығына тезірек бейімделуіне, тәжірибелік дағдыларды меңгеруіне және атом саласының жоғары технологиялық кәсіпорындарының талаптарымен танысуына мүмкіндік береді.

Неліктен университеттермен ынтымақтастық маман даярлаудың негізгі кезеңі болып саналады?

Болашақ инженерлер мен зерттеушілердің іргелі кәсіби дайындығы университеттерде қалыптасады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, білім беру процесін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен ұштастыруды қамтамасыз етеді. Мұндай тәсіл атом саласының заманауи ғылыми және технологиялық міндеттерін шешуге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

ҚР ҰЯО РМК ғалымдары мен мамандарының жетекшілігімен студенттер оқу, өндірістік және зерттеу тәжірибесінен өтеді, ғылыми зерттеулерге қатысады, бірегей эксперименттік қондырғылар мен заманауи талдамалық жабдықтарда жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды.

ҚР ҰЯО мамандары ғылыми кадр даярлауға қатыса ма?

Иә, бұл – орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі.

Орталықтың жетекші ғалымдары мен мамандары өз білімі мен тәжірибесін жас мамандарға беріп қана қоймай, академиялық ортаны дамытуға да белсенді атсалысады.

Олардың қатысуымен жоғары оқу орындарында келесі білім беру бағдарламалары бойынша PhD докторлық диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес, соның ішінде "Техникалық физика" – "Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті" КеАҚ; "Физикалық және химиялық ғылымдар" – "Шәкәрім университеті" КеАҚ және "С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті" КеАҚ базасында жұмыс істейді.

Сонымен қатар ҚР ҰЯО РМК мамандары қорытынды аттестаттау комиссиясының құрамына кіреді, мемлекеттік емтихандарды қабылдап, бейінді мамандық бойынша дипломдық жобаларды қорғауға қатысады.

Ұлттық ядролық орталық қызметкерлерінің кәсіби дамуы қалай ұйымдастырылған?

Кадр даярлау жұмысқа қабылданғаннан кейін тоқтамайды.

Бүгінде ҚР ҰЯО РМК-нің 50-ден астам жас маманы өндірістен қол үзбей магистратура мен докторантурада білімін жалғастырып, кәсіби біліктілігін арттырып жатыр.

Соңғы бес жыл ішінде орталықтың 18 қызметкері кандидаттық және PhD диссертацияларын сәтті қорғап, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосты.

Маман даярлауда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы қандай?

Қазіргі атом саласы үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) өзара іс-қимылдың арқасында Ұлттық ядролық орталықтың мамандары әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тұрақты түрде шетелдік тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыру курстарына қатысады. Соңғы жылдары мұндай бағдарламаларға орталықтың 100-ден астам қызметкері қатысты.

Бұдан бөлек, Жапонияның Атом энергиясы агенттігімен (JAEA) атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында көпжылдық стратегиялық ынтымақтастық жүзеге асырылып келеді. Осы әріптестік аясында ұлттық атом энергетикасы бағдарламаларын дамытып отырған Азия мемлекеттері үшін білікті маманды бірлесіп даярлау жүргізіледі.

Ұлттық ядролық орталық жас ғалымдарды қалай қолдайды?

Жас зерттеушілердің кәсіби өсуіне ықпал ететін маңызды алаңдардың бірі – жас ғалымдар мен мамандардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жыл сайынғы конференция-байқауы.

Аталған іс-шара 2001 жылдан бері өтеді және бүгінде Қазақстанның атом саласы кәсіпорындары мен бейінді жоғары оқу орындарының жас зерттеушілерін біріктіреді.

Конференция өткізілген жылдар ішінде оған 1000-нан астам жас ғалым мен маман қатысып, олардың көпшілігі кейіннен атом саласының жетекші сарапшыларына айналды.

Жастарды атом саласына тартуға не ықпал етеді?

Кәсіби және ғылыми тұрғыдан дамуға қолайлы жағдай жасау ерекше маңызды.

Дарынды жастарды қолдау жүйесі білім алу мен ғылыми зерттеулерге қатысу мүмкіндіктерін ғана емес, сондай-ақ материалдық ынталандыру тетіктерін де қамтиды. Мұндай тәсіл мамандықтың беделін арттыруға, жас мамандарды атом саласына тартуға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының отандық атом саласы үшін кадр даярлаудағы рөлі қандай?

Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы үздіксіз білім беруді, практикалық даярлықты, ғылыми зерттеулерді, халықаралық ынтымақтастық пен жас ғалымдарды қолдауды біріктіретін кешенді кадрлық саясатты жүзеге асырып келеді.

Мұндай тәсіл отандық атом саласы үшін тұрақты кадрлық резерв қалыптастыруға, еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға және Қазақстанның атом энергетикасын дамыту міндеттерін тиімді шеше алатын жоғары білікті маман даярлауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу