Жәрмеңкелер әр демалыс сайын ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өз кезегінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің тауарларын тұтынушыларға тікелей ұсынатын бірыңғай заманауи форматқа айналмақ.
Алғашқы демалыс күндері, 19 және 20 қыркүйекте, еліміздің барлық өңірінде өтетін жәрмеңкелерде 2 000 тоннадан астам отандық ауыл шаруашылығы өнімі саудаға шығарылады.
– Астанада "Дала дәмі" жобасы еліміздің өңірлерінен келген фермерлердің өнімдерін таныстыратын негізгі алаңдардың біріне айналады. Елордада әр апта сайын әртүрлі облыстардың фермерлері мен өндірушілері өз өнімдерін ұсынады. Астана мен Алматы қалаларында жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері екі күн бойы өтеді. Қалған өңірлерде жәрмеңкелер сенбі күндері ұйымдастырылады.
Жәрмеңкелерде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар фермерлер мен өндірушілерден тікелей делдалсыз сатылады.
Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жәрмеңкелердегі сауда орындары тегін беріледі. Бұл фермерлерге өнімін тұтынушыға тікелей ұсынуға, ал тұрғындарға маусымдық тауарларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Бұдан былай жәрмеңкелер барлық өңірде бірыңғай тұжырымдама аясында ұйымдастырылмақ. Сауда арнайы жабдықталған сөрелер мен сауда орындарында жүргізіледі. Автокөліктерден, жүк көліктері мен тіркемелерден сауда жасауға жол берілмейді. Сауда орындары "Дала дәмі" жобасының бірыңғай стилінде безендіріліп, күзгі өнім маусымын, қазақ жердің берекесін және отандық өндірушілердің еңбегін көрсетпек.
"Дала дәмі" жәрмеңкесі тек сауда жасайтын орынмен шектелмейді. Жоба демалыс күндері отбасымен бірге уақыт өткізуге арналған қоғамдық кеңістік ретінде ұйымдастырылады. Жәрмеңке алаңдарында маусымдық безендіру, ұлттық нақыштағы элементтер, өнімдердің дәмін тату, балаларға арналған ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізіледі.