Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдермен өзара сенімге негізделген интеграцияны стратегиялық басымдыққа айналдыра білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шынында, еліміздің бастамалары бүгінде Орталық Азиядағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Бір ғана мысал, 2024 жылы Астанада ұйымдастырылған жиында 5 елдің басшылары климат, су тапшылығы, көлік дәліздері және көші-қон қауіпсіздігі секілді өте өзекті мәселелерді көтеріп, бірге шешуге уағдаласты.
Қазақстан трансшекаралық өзендерді әділ пайдалану, Арал өңірін қайта түлету, теңізді суға толтыру секілді ортақ энергетикалық жүйе қалыптастыру бойынша бірқатар жобаны ілгерілетті.
– Орталық Азия – тағдырлас халықтардың кеңістігі. Ынтымақ пен сабақтастық – тұрақты дамудың кепілі, – деген еді бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, Орталық Азия елдері аймақтық электр нарығын құру, экологиялық апаттармен бірлесе күресу, мәдени-гуманитарлық жобаларды жандандыру бағытында да өзара келісімдер жасап жатыр. Мұның бәрі – өңір бірлігінің нақты дамуы үшін жасалған қадамдар.
Орталық Азия елдерінің ортақ мүдделерді үйлестіруі – тек экономикалық емес, геосаяси тұрақтылықтың да негізі. Осы бағытта Астана ұсынған платформалардың өз нәтижесін беріп жатқаны қуантады. Мұны сарапшылар сыртқы саясаттағы едәуір жетістікке балап жүр.