Қазақстан Даму Банкі бюджеттің арзан ақшасын жоғары пайызбен қарызға берген

206

Мұны аудиторлар анықтап отыр. ҚДБ бюджет қаражатын 0,15% мөлшерлемемен алып, қарыз алушыларға 9-11% мөлшерлеме бойынша несие қып берген.    

Қазақстан Даму Банкі бюджеттің арзан ақшасын жоғары пайызбен қарызға берген Фото: kdb.kz

Қазақстан Даму Банкі бюджеттің арзан ақшасын жоғары пайызбен берген, деп жазады inbusiness.kz сайты Жоғары аудиторлық палатасына сілтеме жасап. 

"Қазақстанның Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) қызметін реттеуге бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен нұсқамаларын ескере отырып ҚР Үкіметі мен Даму банкі тиісті шаралар қабылдады.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін ынталандыру саласындағы мемлекет саясатына аудит жүргізген болатын.

Аудит нәтижелері бойынша ҚДБ-ның жекелеген қарыз алушылары салалық даму тұжырымдамасында бекітілген шекті мәндерден төмен мөлшерлемелер бойынша кредиттер алғаны анықталды.

Аудиторлардың пікірінше, бұл мемлекеттік қолдау шараларына алуда тең жағдай жасауға мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата белгіленге пайыздық мөлшерлеме енгізуді ұсынды. Бұл Банктің ішкі бағалауы негізінде мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар аудит ҚДБ бюджет қаражатын 0,15% мөлшерлемемен алып, кейіннен қарыз алушыларға 9-11% мөлшерлеме бойынша кредит беретінін анықтады. Бұл Банктің артық қаржылай пайда алуына және мемлекет үшін кірістің жеткіліксіздігіне әкелді. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бюджеттік кредиттеу шарттары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарауды ұсынды.

Нәтижесінде ҚДБ директорлар кеңесінің шешімімен өңдеу өнеркәсібі жобаларының айналым капиталын қаржыландыру және экспорттаушыларды қолдау бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер барлық түпкілікті қарыз алушылар үшін бірыңғай сыйақы мөлшерлемесін жылдық 7% мөлшерінде белгілеуді көздейді.

ҚР Премьер-Министрінің 2025 жылғы 15 ақпандағы хаттамалық тапсырмасымен бюджеттік кредиттеу мөлшерлемесін 2025 жылдан бастап 1%-ға дейін арттыру тәсілдері мақұлданды.

Мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша берілген басқа тапсырмалар мен ұсынымдар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу