Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдай туралы хабарламаға байланысты ондағы эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы ведомство таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік еліміздегі жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданды. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.
"Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады. Сапардан кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгініп, дәрігерге болған жеріңіз бен сапар күндері туралы хабарлау қажет", – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.
"Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қорытынды диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ, ықтимал жұқтыру көзі мен мән-жайлары анықталуда. Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәліметтер бойынша олардан ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері – теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады министрлік.
4 қазан күні Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысында, Иркутск қаласында және Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба ауруының жағдайлары анықталмағанын хабарлады.
Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталды.