Енді қазақстандық диплом Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда ресми түрде мойындалмақ

164

Отандық ЖОО-лар білім қызметтерін экспорттау нарығын кеңейтеді.  

Енді қазақстандық диплом Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда ресми түрде мойындалмақ Фото: time.kz

Мәжілістің жалпы отырысында жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенция ратификацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2011 жылғы 26 қарашада Токио қаласында қабылданған бұл Конвенция Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттер арасында жоғары білім саласындағы біліктілікті тануға ортақ қағидаттарды ұстану бағытында ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. Қазақстан үшін бұл қадам халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасу саясатының қисынды жалғасы болып саналады. 1998 жылы еліміз Лиссабон конвенциясына қосылғаннан кейін шетелдік білім құжаттарын танудың тиімді жүйесін қалыптастырып, еуропалық елдермен өзара тануды қамтамасыз етті", – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, Токио конвенциясын ратификациялау Қазақстанға Азия-Тынық мұхиты өңірінің ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің (APNNIC) мүшесі болуға мүмкіндік береді. Бұл желі қатысушы елдердің біліктіліктерді тану саласындағы ақпарат алмасуын қамтамасыз етіп, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттырады.

Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Аустралия, Жапония, Қытай, Корея, Түркия және басқа елдер бар.

"Бұл маңызды құжаттың негізгі мақсаты – қатысушы елдерде алынған біліктіліктерді әділ, ашық және уақытылы тануды қамтамасыз ету. Жалпы Конвенцияны ратификациялау Қазақстанға келесі мүмкіндіктерді ашады. Отандық жоғары оқу орындарының білім қызметтерін экспорттау нарығын кеңейтеді. Яғни, отандық жоғары білімді Азия-Тынық Мұхиты аумағында таратуға қолайлы жағдай жасалынатын болады, соның ішінде отандық жоғары оқу орындарының филиалдарының ашылуына да септігін тигізуде", – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Бұдан басқа ұлттық жоғары білім жүйесіне деген халықаралық сенімді нығайтады.

"Қазақстанда алынған дипломдарды Азия-Тынық мұхиты өңірінде тануға қойылған кедергілерді жойылады. Бұл дегеніміз дипломдарды тану үдерісін едәуір жеңілдетеді, сәйкесінше елімізде білім алған шетелдік студенттердің өз елінде кедергісіз оқуын жалғастыруына немесе еңбек етуіне септігін тигізеді", – деді Саясат Нұрбек.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу