Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов студенттермен бірге бөгет салуға қатысты

156

Өнер қайраткері университет оқытушыларымен, студенттерімен бірге қапшыққа топырақ толтырып, бөгет салу жұмысына үлесін қосты. 

Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов студенттермен бірге бөгет салуға қатысты Фото: maqat-tynysy.kz

Белгілі композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов студенттермен бірге бөгет салуға қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық жедел штабтың мәліметінше, Жайық өзенінің жағалауындағы осал тұстарды бекітуге кәсіпорындар мен мекемелер бекітілген. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұстаздары мен студенттері Алмалы ауылында бөгет салуға кіріскен. 

Бүгін, 9 сәуірде Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов Алмалы ауылына арнайы барды. Өнер қайраткері университет оқытушыларымен, студенттерімен бірге қапшыққа топырақ толтырып, бөгет салу жұмысына үлесін қосты. 

"Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғалы бері Жайық өзенінің жағасын бекіту қарқын алды. Тіршілік нәрі – Жайығымыз арнасы аспаса екен, ел қиындыққа тап болмасын деп тілеймін. Қазір су тасқыны Атырау облысына ғана емес, бірнеше өңірге қауіп төндірді. Сол себептен, бөгет салып жатқан жастарды қолдауға келдім. Елімізді қиындықтан бірлігімізбен ғана қорғай аламыз", -деді Илья Жақанов. 

Өнер қайраткерінің айтуынша, табиғи апат сипатындағы қиындықты жеңуге болады. 

"Бұл үшін біріншіден, ниет түзу, таза болуы керек. Екіншіден, ниетті құдіретті күш біріктіруі тиіс. Үшіншіден, мықты тәртіп қажет. Тәртіп сақталса, елдің бірлігі, тұтастығы нығая түседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай кезде шыдамдылық пен ұйымшылдық елді қиындықтан алып шығатынын айтты. Бірлігімізбен бар қиындықты еңсереміз", -деді Илья Жақанов. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері үш ауысыммен жұмыс істейді. Олар үш күнде 20 мыңнан астам қапқа топырақ толтырған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу