Қазақстанның ет өнімдері БАӘ мен Үндістанға экспортталуға жақын

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.  

Қазақстанның ет өнімдері БАӘ мен Үндістанға экспортталуға жақын Фото: eldala.kz/gov.kz

Шетелдік тарап халықаралық ветеринариялық-санитариялық және сапа талаптарына сәйкес өнімдерді қабылдауға дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Lulu Kazakhstan компаниясының бас директоры Мохидин Хусейн Файсалмен, сонымен қатар IGateway Ltd компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Гунасилан Айотхи Даниэлмен кездесу өткізген.

– Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін және қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістан нарықтарына жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Шетелдік тарап халықаралық ветеринариялық-санитариялық және сапа талаптарына сәйкес келетін ешкі етін, сондай-ақ басқа да халал ет өнімдерін импорттауға қызығушылық білдірді. Үндістанның тұтыну нарығының қарқынды өсуі отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді, – делінген хабарламада.

Өз кезегінде министр Қазақстанның мал шаруашылығы саласында айтарлықтай әлеуеті бар екенін және ветеринариялық талаптар сақталып, тұрақты жеткізілім қамтамасыз етілген жағдайда экспорт көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар ветеринариялық сертификаттау, логистика мәселелері, қазақстандық өндірушілер мен үндістандық импорттаушылар арасында тікелей байланыстар орнату сынды практикалық ынтымақтастық тетіктерін одан әрі пысықтауға келісті.

Еске салайық, LuLu Group International бөлшек саудамен, импорт және экспортпен айналысады, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістанда ет өңдеу зауыттарын басқарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу