Қазақстанның гуманитарлық көмегін жоғары бағалаймыз - Ауғанстан министрі

453

1 тамыз күні Астанаға Ауғанстаннан бизнес-делегация келді.

Қазақстанның гуманитарлық көмегін жоғары бағалаймыз - Ауғанстан министрі

2022 жылы "Орталық Азия – Үндістан" саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мен оның халқын қиындықтарымен және гуманитарлық дағдарыс қатерімен жекелей қалдыруға болмайтынын айтты.

Биыл сәуір айында Қазақстандық делегация Президент тапсырмасымен Ауғанстанға кезекті гуманитарлық жүк жеткізді. Дәрі-дәрмек және жалпы көлемі 5 403 тоннаны құрайтын (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк жөнелтілді. Гуманитарлық көмек азық-түлік өнімдерінен (сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық) тұрады. Осы сапар аясында Кабулда Қазақстан және Ауғанстан кәсіпкерлерінің кездесуі өтті. Арнайы сауда бизнес-форумы ұйымдастырылды. Осы орайда, Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи алғысын білдірді.

"Біз Қазақстан Президентіне, Қазақстан Үкіметіне алғыс айтып жатырмыз. Қазақстанның гуманитарлық саладағы қолдауын жоғары бағалаймыз. Біз сауда саласындағы байланыстарға, осыған дейінгі ауған халқына жасалған көмекке ризамыз", - деді Нуриддин Азизи.

Ауғанстан жағы елімізден бидай, ұн, сұйытылған газ, жанармай және өсімдік майын импорттап жатыр. Ал Қазақстанға кептірілген жеміс, кілем, асыл тастар мен минералдар жеткізіліп отыр.

Еске салайық, 1 тамыз күні Астанаға Ауғанстанның Өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келді.

3 тамызда бизнес-форум жұмысын бастайды, ал 4 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтарына ауған тауарларының көрмесі (EXPO, Конгресс-орталық) ашылады. Көрмеде Ауғанстаннан түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауарлар ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу