Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді

Қорғаныс саласын дамытуға ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып отыр.  

Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді Фото: inbusiness.kz

Бүгінде Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы да қарқынды ілгерілеп келеді деуге негіз бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Басымдықтар ретінде Әуе қорғанысы жүйелерін, әскери-көліктік авиацияны, арнайы операциялар күштерін, радиоэлектрондық барлау мен күресті, ұшқышсыз ұшу жүйелері мен қос мақсатты құралдарды дамыту көрсетілген. Бүгінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту бойынша жобалар белсенді іске асырылып жатыр, бұл стратегиялық маңызды объектілерді қорғауға және мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Осы орайда, біз ҚР Қорғаныс министрлігі Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары, полковник Алпамыс Өтеповтен "Қорғаныс саласын нығайту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?" деп сұраған едік.

– Әскери-көліктік авиацияны дамытуға ерекше назар аударылуда. Бұл армияның жедел ұтқырлығын арттырып, қауіп-қатерлерге тез жауап беруге және әскер күштерін қысқа уақыт ішінде қажетті жерге жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Airbus A400M Atlas ұшағы Қазақстан Республикасының Әуе қорғанысы күштері авиациялық паркіне қосылды.

Ерекше рөл арнайы операциялар күштеріне беріледі. Олар терроризмге қарсы іс-қимылдан бастап бітімгершілік миссияларға қатысуға дейінгі түрлі қауіп-қатерлерге әрекет ететін әмбебап құралға айналып келеді. Олардың дайындығы, техникалық жабдықталуы және басқа бөлімшелермен өзара іс-қимылы күшейтілуде, – деді ол.

Алпамыс Өтеповтің сөзінше, маңызды бағыттардың бірі – радиоэлектрондық барлау мен радиоэлектрондық күресті дамыту, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу. Бұл – бақылау мен барлау жүргізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып ғана қоймай, әскерді қолданудың тиімділігін арттыратын заманауи құрал. Сонымен қатар, қос мақсаттағы құралдарды әзірлеу және қолдану жұмыстары қатар жүргізілуде, бұл өз кезегінде армияға қосымша икемділік пен технологиялық артықшылық береді.

– Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда шетел елдерімен әскери-техникалық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Қазақстан аумағында Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы мен шетелдің алдыңғы қатарлы компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрған. Олардың қатарында Aselsan түрік компаниясымен бірлесіп электронды-оптикалық аспаптар өндірісі, Eurocopter француз-неміс компаниясымен – ЕС145 тікұшақтарын өндіру және техникалық сүйемелдеу, tales француз компаниясымен – КВ және УКВ диапазондарының радиостанциялары және басқалары бар. Сонымен қатар, армияға қажетті өнімдерді Қазақстанда өндіру көлемі артты. Олардың ішінде патрон өндірісі, кеме жасау, әуе қорғанысы құралдарын жөндеу мен өндіру, оптикалық-электрондық жүйелер және бронды техника бар, – деді Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары.

Бүгінде Қазақстанда жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттары да сынақтан өткен. Олардың қатарында "Burkit" және Sunqar UAV (Bet Sky), "Шағала" (Taharqa Technologies), сондай-ақ "Шағала-М" мен "Қарақұс" (R&D орталығы Қазақстан инжиниринг) бар.

Сынақ нәтижесінде "Sunqar" ұшқышсыз жүйесі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қаруына қабылданып отыр.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін дамытудағы негізгі қағидаттар мен тәсілдер әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық бағдарламалық құжаттарда айқындалған.

ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы, полковник Олжас Құсайынов inbusiness.kz тілшісіне әскери ынтымақтастық туралы айтып берді.

Оның айтуынша, еліміздің халықаралық әскери ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Көпжақты да, екіжақты форматта да конструктивті өзара іс-қимыл жолға қойылған.

– Басты бағыттардың қатарында бітімгершілік қызмет саласында тәжірибе алмасу, бірлескен әскери жаттығулар өткізу және әскери кадрларды даярлау бар. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік мәселелеріне, терроризмге қарсы іс-қимылға, жаңа қауіп-қатерлерге жауап беруге және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылуда.

Қазіргі жағдайда Қазақстан сенімді нығайтуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ашық әрі прагматикалық саясат ұстанып отыр. Бұл саясат Орталық Азия аймағында да, жаһандық деңгейде де тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.

ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ – өңірлік қауіпсіздік мәселелері және әскерді бірлесіп қолдану бойынша негізгі серіктестер, – деді ол.

Қазіргі халықаралық қатынастар кезеңінде бітімгершілік қызметке қатысу ерекше маңызға ие. Ол жаһандық қауіпсіздікті нығайтудың, көпжақты ынтымақтастықты дамытудың және мемлекеттердің халықаралық беделін арттырудың маңызды құралы болып саналады.

Қазақстан халықаралық тәртіпті сақтауға қатысуға ғана емес, сонымен қатар бітімгершілік қызметте белсенді әрі дербес ұстаным көрсетуге ұмтылысын жүйелі түрде дәлелдеп келеді. Соңғы жылдары бұл бағытта ел айтарлықтай жетістікке жетіп, өзін сенімді серіктес және әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде танытқанын айта кетуіміз керек.

– Бітімгершілік қызметтің Қазақстан қорғаныс саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде енгізілуі халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға деген ұмтылысты ғана емес, сонымен бірге ортақ болашақ үшін жауапкершілікті де көрсетеді. Қазақстан үшін бітімгершілік операцияларға қатысу – бұл ел аумағынан тыс жерде әскери қатысу ғана емес, бейбітшілік, диалог және халықаралық құқықты құрметтеу қағидаттарына негізделген сыртқы саяси ұстанымды жүзеге асыру.

Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында жүргізілетін миссиялар гуманитарлық міндеттерді орындаумен қатар, әскери қызметшілердің кәсіби әлеуетін жан-жақты дамытуға ықпал етеді. Негізгі стратегиялық мақсат – операцияларға қатысу арқылы практикалық тәжірибе жинақтау, қазақстандық әскери қызметшілердің даярлық деңгейін арттыру, олардың көпұлтты ортада және күрделі жағдайларда әрекет етуге бейімделуін қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақсыз аймақтарда жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыру, – деді Олжас Құсайынов.

Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығының сөзінше, мұның барлығы бітімгершілердің құнды кәсіби қабілеттерін дамытып, олардың жеке төзімділігі мен жедел дайындық деңгейін нығайтады.

Қазақстан әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының ажырату бақылау күштері (UNDOF) миссиясы құрамында Голан тауларында тапсырмаларды орындауға кіріскенін көпшілік жақсы біледі деген ойдамыз.

Қалай десек те, Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы БҰҰ құрылымында сенімді қатысушы ретінде өз позициясын сенімді нығайтуда. Бұл жол шыдамдылықты, табандылықты және үздіксіз өзін-өзі жетілдіруді қажет етеді.

Қорыта айтсақ, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар кешенді сипатқа ие болып отыр. Олар әскерді жаңғыртудың стратегиялық мәселелерін де, сондай-ақ оның басты ресурсы болып табылатын адамдарға қамқорлық жасауды да қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу