Қазақстанның халықаралық қорының 46,5 пайызын алтын құрайды

1628

Ұлттық банк биылғы жылдан бастап бағалы металды коммерциялық сауда серіктестеріне сатуға дайын. Дегенмен, оның көлемі шектеулі, 5 тоннадан аспайды.

Қазақстанның халықаралық қорының 46,5 пайызын алтын құрайды

Қазақстанның жалпы халықаралық қорындағы алтын үлесі 46,5 пайызға құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Energyprom.kz-ға сілтеме жасап.

"Өткен жылдың қорытындысында елдің жалпы халықаралық қоры 31 млрд долларды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға көп. Оның 46,5 пайызын (14,4 млрд доллар) алтын құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан бір жыл бұрын алтын үлесі небәрі 40,3 пайызды құрап, ал бес жыл бұрын 77,5 пайыз еркін конвертацияланатын шетел валютасы болды", – делінген жарияланған ақпаратта.

Мемлекет еліміздің алтын-валюта қорын тазартылған алтын құймаларымен толтыра отырып, Қазақстанда шығарылатын барлық алтынды сатып алуда.

Айта кетерлігі, республикада өндірілетін алтынның бір бөлігі халыққа да сатылып жатыр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы салмағы 166,9 келі болатын 4 мыңнан астам шағын алтын құйма сатылды. Өткен жылғы қараша айының соңынан бері валюта айырбастау орындарының да шағын алтын құймаларды сатуға мүмкіншілігі бар. Сол уақытта ұлттық банк салмағы 12-13 келі болатын алтын құймаларды сатылымға шығаратындығы белгілі болған еді. Оны жеке және заңды тұлғалар сатып ала алады.  

Алтын құймаларын әлемдік нарықта да сатуға жол ашылып отыр. Ұлттық банк биылғы жылдан бастап бағалы металды коммерциялық сауда серіктестеріне сатуға дайын. Дегенмен, оның көлемі шектеулі, 5 тоннадан аспайды.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстанның алтын қоры 341,2 тоннаны (әлемде 15-орында) құрайды. Бұл 2017 жылдың соңындағы көлемнен шамамен 50 тоннаға, ал 2016 жылғы көлемнен 83 тоннаға көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу