Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында елімізде инвестор тарту жүйесінде бірізділік жоқ екенін және бірнеше мекемеге бірдей құзыреттер берілгенін сынға алды. Бұл бағытта қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс? Редакция тілшісі сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша, мәселе шынымен бар және ол жүйелі сипат алған.
"Бүгін инвестормен бірнеше құрылым жұмыс істейді: министрліктер, ұлттық компаниялар, өңірлік әкімдіктер. Олардың өкілеттігі жиі қайталанады. Соның салдарынан инвестор бір мәселені бірнеше мекемеде қайта келісуге мәжбүр болады, ал жоба сәтсіз болса, нақты жауапты тұлға табылмайды. Бұл жобаның мерзімін созып, шығынын көбейтеді. Шешімі ретінде әр кезеңнің иесін анықтау керек: кім саясатты қалыптастырады, кім инвестормен келіссөз жүргізеді, кім жобаны іске асыруды сүйемелдейді. Құзырет айқын бөлінбейінше, жаңа құрылым ашу нәтиже бермейді", – деді ол.
Ал экономист Айбар Олжай Президенттің сыны орынды болғанын және мәселе дұрысталып келе жатқанын атап өтті. Ол да елімізде инвестиция тартумен бірнеше мекеме айналысатынын жеткізді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлығы бір ізге, бір жүйеге біріктіріледі. Оны бақылайтын, басқаратын және барлығын бір қолдан ұстап отыратын бір жауапты ұйым болады. Шатаспасам, бұл "Бәйтерек" холдингі. Сонда холдингтен тікелей инвестиция тарту бойынша нақты нәтижелерді сұрауға болады. Жауапты тұлғалар нақты бар. Сондықтан бұл дер кезінде айтылған сын және дер кезінде істелініп жатқан жұмыстар деп ойлаймын", – деді сала маманы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы "Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен "Бәйтерек" холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар. Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады" деп айтты. Осы тұста "Инвестициялық саясатты бір орталыққа шоғырландыру бюрократиялық кедергілерді шын мәнінде азайта ма?" деген сұрақ туындайды.
"Шоғырландырудың өзі бюрократияны автоматты түрде азайтпайды. Ол тек бір жағдайда нәтиже береді. "Бәйтерекке" тек функция ғана емес, шешім қабылдау өкілеттігі де берілуі керек. Әйтпесе тағы бір келісу сатысы қосылып, тізбек қысқармай, ұзара түседі. Тағы бір тәуекелді ескеру қажет. "Бәйтерек" өзі де қаржыландырушы. 2026 жылы холдинг экономиканы қолдауға 8 трлн теңгеге дейін бағыттауды жоспарлап отыр. Сондықтан ол жобаларды іріктейтін әрі оларды қаржыландыратын құрылымға айналғанда, мүдделер қақтығысының алдын алатын ашық ережелер мен сыртқы бақылау қажет. Министрліктерге саясат пен дипломатиялық сүйемелдеуді қалдыру дұрыс. Бірақ олардың арасындағы шекара заң деңгейінде бекітілуі тиіс", – деп атап өтті экономист Бауыржан Шурманов.
Сапалы инвестиция тарту үшін қандай нақты экономикалық ынталандыру пакеттері жетіспей тұр?
Бауыржан Шурманов негізгі мәселе жеңілдіктің аздығында емес, ережелердің болжамсыздығында деп отыр.
"Инвестор үшін қосымша преференциядан гөрі шарттардың 10-15 жыл бойы өзгермейтініне сенімділік маңыздырақ. Біріншіден, реттеушілік тұрақтылық кепілдігі қажет. Ол жекелеген ірі келісімдерге ғана емес, барлық инвесторға ортақ ереже болуы керек. Екіншіден, теңгедегі ұзақ мерзімді қаржыландыру жетіспейді: ішкі нарықта ұзақ ақшаның тапшылығы мен валюталық тәуекел өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды тежейді. Үшіншіден, преференциялар нәтижеге байлануы тиіс. Жеңілдік инвестор жергілікті өнім үлесі, экспорт немесе жұмыс орындары бойынша міндеттемесін орындаған кезде ғана берілуі керек, ал орындалмаса, жеңілдік қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар инфрақұрылымы дайын алаңдар қажет, өйткені электр, су және газға қосылу мәселесі – әлі де жобаларды кешіктіретін негізгі себептердің бірі", – деді экономист.
Айбар Олжайдың айтуынша, сапалы инвестиция тарту үшін логикаға сыятын барлық жұмыс істелінді.
"Біз жаңа Конституцияны қабылдадық, ол ең басты заң. Бұл құжатта инвестициялардың кепілдіктері, олардың құқықтары тайға таңба басқандай жазылған. Инвесторлық тапсырыс, олар үшін шарттың өзгермеуі бойынша мемлекеттік, үкіметтік кепілдік, олардың салық режимі бойынша кепілдіктер – осының барлығы бізде қарастырылған. Алатау жобасы бойынша арнайы регуляторлық мәртебе де бар. (...) Енді инвесторларға белгілі бір инфрақұрылымдық көмек керек, оның барлығы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылатын болады", – деді сарапшы.
Қазақстанның инвестициялық әлеуеті
"Әлеует бар, бірақ ол толық пайдаланылмай отыр. Оң үрдіс те бар: 2025 жылы инвестициялардың ең жоғары нақты өсу қарқыны энергетикада 61,8%, агроөнеркәсіп кешенінде 51,8%, өңдеуші өнеркәсіпте 39% болды. Алайда жалпы деңгей әлі төмен. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылы 14,7%-ға дейін өсті, ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,4%-ды құрады. Экономиканы тұрақты өсіретін деңгей 20–25% шамасында. Сондықтан негізгі міндет инвестиция көлемін бір реттік ірі келісімдер арқылы емес, тұрақты түрде арттыру. Ол үшін институттардың ашықтығы, соттың тәуелсіздігі және ережелердің тұрақтылығы маңызды", – деді экономист Бауыржан Шурманов.
Сарапшы Айбар Олжайдың сөзінше, қазір қолға алынған жұмыстың жемісі алдағы екі жылда көрінеді.
"Менің ойымша, бізге тартылатын тікелей инвестициялар көлемі бірнеше есе артуы тиіс. Біз терең өңдеу өнеркәсібіне, технологиялар трансфертіне, адами капиталға, ауыл шаруашылығына инвестиция тартқымыз келеді. Негізгі месседж осындай", – деді сала маманы.