Қазақстанның Каспий секторында әскери-теңіз оқу-жаттығуы өтті

349

Жаттығуға әскери кемелер, катерлер және авиация қатысты.  

Қазақстанның Каспий секторында әскери-теңіз оқу-жаттығуы өтті Фото: gov.kz

Қазақстанның Каспий теңізіндегі секторында Әскери-теңіз күштерінің "Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оған әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлері, гидрографиялық кемелер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің кемелері және Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы қатысты.

Жаттығу барысында әскери қызметшілер бірлескен маневр жасау, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ базалық пунктте және қорғалмаған рейдте асимметриялық қатерлерге тойтарыс беру іс-қимылдарын пысықтады.

– Бұл оқу-жаттығу Әскери-теңіз күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Ол командирлердің практикалық даярлығын және жеке құрамның теңізде әрекет ету машығын жетілдіруге, сондай-ақ жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру кезінде басқару органдарының өзара іс-қимылын арттыруға бағытталған. Әртүрлі жағдайда әскери теңізшілер экипаждардың өзара іс-қимылын және нысаналарды анықтау мен жоюдың заманауи құралдарын қолдануды пысықтады, – деді Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.

Оқу-жаттығу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл жасауға ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер суасты диверсиясына қарсы қорғаныс, әуе шабуылы құралдарын анықтау және әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша тапсырмаларды орындады.

Сонымен қатар экипаждардың өзара іс-қимылы, нысаналарды анықтау және жоюдың заманауи құралдарын қолдану да пысықталды.

"Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік даярлығын жетілдіру және жеке құрамның теңіз шептерін қорғау міндеттерін орындауға әзірлігін арттыруға бағытталды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу