Қазақстанның көміртегі ізі әлемдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары

1174

Бұған қарамастан аталған мемлекеттер парник газ шығарындыларының көлемін азайтуға, жасыл энергетиканы дамытуға дайын. 

Қазақстанның көміртегі ізі әлемдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары

Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украинаның көміртегі ізі әлемдегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Әлемдегі компаниялар тек қаржылық көрсеткіштер бойынша ғана емес, сондай-ақ ESG факторлары бойынша (environment, social and governance – экологиялық, әлеуметтік және басқару факторлары) бағаланады.

Сонымен қатар банктер экологиялық және әлеуметтік компоненттерге де көңіл бөле бастаған. S&P Global болжамына сәйкес, экологиялық факторлардың банк активтерінің сапа көрсеткіштеріне болашақта да әсерін тигізе береді. Әсіресе, көптеген елдің экономикасы көміртекті көп қажет ететін секторлармен байланысты екенін ескерсек. Бұл жағдай Қазақстанға да қатысты.

Соңғы 10 жылда банк стратегияларын әзірлеудегі ESG факторларының рөлі айтарлықтай өскен. S&P Global Ratings болжамынша, тұрақты қаржыландыру құралдарының, оның ішінде жасыл және әлеуметтік облигациялар, сондай-ақ жасыл және әлеуметтік сипаттамалары бар тұрақты қаржыландыру облигацияларының эмиссия көлемі 700 млрд доллардан асады. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша борыштық міндеттемелер эмиссиясының әлемдік жиынтық көлемі шамамен 9%-ға жетеді.

Әлемдегі көптеген елдің, оның ішінде ТМД-ға мүше мемлекетердің де экономикасы мұнай-газ және көмірге тәуелді. Ал көміртегі ізі жан басына шаққанда жылына – 4,7 тонна парник газы (2019 жылдың қорытындысы бойынша). Бұл – жаһандағы орташа көрсеткіштен жоғары. Мысалы, Қазақстанда көрсеткіш жан басына шаққанда жылына 11,5 тонна, Ресейде – 16,9 тонна, Украинада – 6,6 тонна, Беларусьте – 5,1 тонна. 

Бұған қарамастан аталған елдер төмен көміртекті экономикаға көшуге дайын. Олар парник газ шығарындыларының көлемін азайтуға, ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) объектілерін дамыту және энергия тиімділігін арттыру бойынша шараларды біртіндеп жүзеге асырмақ.

Бұл бастамаларды қаржыландыру үшін қомақты инвестиция қажет, ал арнайы нарықтық құралдарды дамыту қосымша қаржы тартуға ықпал етуі мүмкін.

Қазақстандық банктер арасында тұрақты даму қағидатын Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) ұстанып отыр. Банк жеке қаржылық даму институты ретінде жұмыс істейді. Бүгінде оның кредит портфелінде жаңартылатын энергия көздері бағытында 6 жоба бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу