Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Ресейден мұнай өнімдерін кедендік бажсыз жеткізуге болатынын еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, тиісті хаттамаға Астана қаласында 2024 жылдың 27 қарашасында қол қойылған.
– Келісім аясында ресейлік мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу мүмкіндігі ескерілген. Бұл ретте Қазақстан Республикасының ішкі нарығын қажетті отын көлемімен тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді, – дейді халық қалаулысы.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері арасында келісілген индикативті балансқа сай, мұнай өнімдерін импорттау, сонымен қатар осы келісімді 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзарту көзделген.
"Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын" деп нақтылай түсті депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс "2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын қарауына енгізді.