Қазақстанның Ресейдегі елшісі Омбы қазақтарымен кездесіп, тіл үйренуге қатысты өзекті мәселелер туралы сөйлесті

674

Омбы қазақтарының мәдениеті мен тілінің дамуына үлес қосқаны үшін облыс әкіміне ІІ дәрежелі "Достық" ордені табыс етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Омбы қазақтарымен кездесіп, тіл үйренуге қатысты өзекті мәселелер туралы сөйлесті

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаевтың Омбы облысына жұмыс сапары өтті.

Өңір губернаторы Александр Бурковпен кездесу барысында ынтымақтастықтың барлық салалары бойынша кең ауқымды мәселелер, оның ішінде Омбы облысы делегациясының сәуір айындағы Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүргізілген келіссөздер талқыланды.

Соңғы жылдары екіжақты ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, оған Омбы облысының айтарлықтай үлес қосып жатқаны айтылды. Мәселен, 2021 жылы облыс пен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 402,1 долларға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артты.

Тараптар екіжақты байланыстардың әлеуетінің маңыздылығын және оларды арттыру мүмкіндіктерін атап өтті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы машина жасау, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен, химия өнеркәсібі және туризм салаларында өзара тиімді ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жақсы мүмкіндіктер ашылуда.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Омбы облысында қазақ мәдениетін насихаттайтын іс-шаралар, жетекші кәсіби шығармашылық ұжымдардың қатысуымен фестивальдер, театрлар мен филармониялардың гастрольдері өткізіледі. Халық санағының қорытындысы бойынша өңірдегі саны шамамен 78-80 мың адамды құрайтын қазақ диаспорасы Қазақстанмен рухани көпір болып отыр. Осыған орай Ермек Көшербаев жерлестерімізге мәдениет пен тілдің сақталуы мен дамуына көмектескені үшін Александр Бурковқа алғысын білдіріп, облыс әкіміне ІІ дәрежелі "Достық" орденін табыс етті.

Сапар аясында Елші Омбы облысындағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесті. Ең алдымен қазақ тілін үйренуге қатысты отандастарды толғандырып жүрген өзекті мәселелер, бірлескен гуманитарлық жобалар сөз болды. Елші қазақ орталықтары бар жергілікті мектептердің директорларымен де осы тақырыптарды талқылады.

Омбыда Ермек Көшербаев Шоқан Уәлихановтың ескерткіші мен Кемел Тоқаевқа арналған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу