Қазақстанда санитариялық авиация ауыр жағдайдағы пациенттерді шалғай аудандардан мамандандырылған клиникаларға жеткізу үшін пайдаланылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қажет болған жағдайда шетелде зардап шеккен азаматтарды елге эвакуациялау да ұйымдастырылады.
Медициналық авиация пациенттерді тасымалдаумен қатар, жол бойында медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ бейінді мамандарды пациенттің орналасқан жеріне жеткізіп, қажет болса операцияны сол жерде жасауға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын санитариялық авиация арқылы 2 мыңға дейін ұшу орындалады. 2026 жылдың сегіз айында медициналық авиация 1 495 рет ұшып, 1 543 пациентті тасымалдаған. Сонымен қатар дәрігерлер қашықтан 4 703 консультация өткізді.
Шетелде ауыр жағдайда жатқан және медициналық көрсетілімдерге байланысты тұрақты рейспен Қазақстанға орала алмайтын азаматтарды арнайы әуе көлігімен елге жеткізу ұйымдастырылады.
2025 жылы Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Қырғызстан және Мысырдан 9 халықаралық ұшу орындалған. Ал 2026 жылдың сегіз айында Албания, Италия, Түркия, Қытай, Таиланд, Ресей және Өзбекстаннан тағы 9 халықаралық ұшу жүзеге асырылды.
Санитариялық авиацияның жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді.